Пошта қызметтері қымбаттады
«Қазпоштаның» кейбір қызметтерінің бағасы 10-15 пайызға артты. «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесі бағаның өзгеруіне девальвацияның еш қатысы жоқ екенін мәлім етті. Олар қымбатшылықтың себебі 2013 жылдың 24-желтоқсанында мекеме қабылдаған «1-ақпаннан бастап кейбір тарифтерді өзгерту» туралы қаулы екенін алға тартты. Мамандар саладағы қымбатшылықтың 10-15 пайызды құрағанын айтады. Мәселен 500 граммға дейінгі арнайы тапсырысты хат пен бандерольді жер көлігі арқылы жіберу құны бұрын 480 теңге болса, қазір 500 теңге. Ал айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызғыңыз келсе, бұрынғыдан 10-15 емес, 53 пайызға артық төлейсіз. Өйткені тапсырыс хатты әуе арқылы тасылмалдау құны 490 теңгеден 750 теңгеге бір-ақ сырғыпты. ТМД және ішінара Қазақстан аумағына жалпы әуе арқылы тасымалданатын барлық жөнелтілімдер құны түрлі деңгейде өскен. Ал жіберілген хаттардың жеткізілімі туралы хабарлама қызметі бұрын 120 теңге тұрса, қазір 200 теңгені құрайды. Жай хаттарды тасымалдау құнында әзірге өзгеріс жоқ, бәз баяғысынша 58 теңге. Сондай-ақ «Қазпошта» дүңгіршектеріндегі баспасөз өнімдерінің де бағасы өсті деген қауесет негізсіз болып шықты. Олар бөлшек сауда орындарындағы газет-журнал құнын әзірге өзгерткен жоқ. Дегенмен баспасөзге жазылу бағасы наурыз айынан бастап қымбаттайды. |
Количество показов: 2077
Дата создания: 18.02.2014 12:50:14