ПИК шатырлардағы қар мен мұзды тазартуға тапсырма алды
Тұрғын үйлердің шатырларына сүйірлене қатқан мұз сынып, адамды жарақаттамас үшін не істеу керек? Мұндай келеңсіздік үшін ең бірінші пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары жауапты. Шатырлардағы қар мен мұзды тазарту көктемгі су тасқынына қарсы күрес жұмыстарының шеңберіне енгізілді. Алайда қалада бұған құлшына кіріскендер байқалар емес. Мәселен қалалық әкімдік маңындағы көпқабатты үйлердің шатырлары мен балкондарына қатқан мұздардың ұзындығы жарты метрге дейін жетеді. Қалыңдығы да сынып түссе басты жаратындай.
Үй төбесіне шығып, тегіс шатырлардың мұзын түсіру жеңіл. Ал бұрыштала жабылған үй төбелерін тазарту қиынға соғады. Оған арнайы техника қажет. Ал жұмысшы міндетті түрде сақтандыру белдігімен қамтылуы тиіс. Осыны пайдаланып, қалада 2-3 адамнан құрылған жеке бригадалар ақшаға қызмет көрсетіп жүрген көрінеді. Жұлдызбек Бисембин бұрышты шатырлар бізде санаулы дейді. Ал жалпы көпқабатты тұрғын үйлер саны 1602. Төменгі қабат тұрғындары жоғарыдағы көршілерінің проблемасына бас ауыртпайды. Бұл көпқатарлы үйлердің бәріне тән. Ал шатырдан су кетсе, бар ауыртпалық жоғары қабатта орналасқан пәтер иелеріне артылады. Шатыр бір үйге ортақ екенін және оны күтіп ұстауға қажет қаражатты да бірігіп жинау керектігін әлі күнге түсінбей келе жатқандар бар. Көктем шыға бұл проблема ушығады. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшылығы ПИК төрағалары мұны осы бастан қолға алуы тиіс деп ескертеді.
|
Количество показов: 2114
Дата создания: 25.02.2014 18:02:58