Парақор офицер түрмеге тоғытылды
ҚР Ұлттық Қауыпсіздік Комитеті шекара қызметінің офицері 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін Ақтөбе гарнизонының әскери соты №2030 әскери бөлімі кадрлар бөлімінің бұрынғы лейтенантына қатысты осындай үкім шығарды. Сонымен қатар, соттың үкімімен мүлкі тәркіленіп, әскери шені алынды. Темір торға қамалған 35 жастағы Мұрат Айтбеков 2002 жылдан бері әскери қызметте. Шекара қызметінің кадрлар бөлімінде қызмет ете жүріп, тура жолдан тайған. Оқиға өткен жылдың қаңтарында болған. Лейтенант Айтбеков мемлекеттік қызметкер бола тұра, алаяқтыққа барған. Қала тұрғынына әскери бөлімге қызметке орналасуға ықпал етемін деп уәде беріп, сол үшін 125 мың теңге көлемінде пара алған. Қаражатты банктен алған несиесін өтеуге, қалған бөлігін жеке мақсаттарға жұмсаған. Әуелі 50 мыңын алып, несиесін өтеп, біраз уақыттан соң қалған параны алу сәтінде қаржы полициясының өкілдері лейтенантты қолға түсіреді. Ұсталардан аз уақыт бұрын шекарашы қызмет бабымен «Батыс» өңірлік басқармасына қарасты Бейнеудегі №2087 әскери бөліміне ауыстырылған. Қылмыскер жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді. Бостандыққа шыққаннан соң қарулы күштерде және әскери бөлімшелерде қызмет етуге құқығы жоқ. 35 жастағы бұрынғы шекарашы отбасылы, 9 айлық баласы бар. |
Количество показов: 1953
Дата создания: 18.04.2014 17:56:30