Отбасы құндылықтары талқыға түсті
Деректер көрсетіп отырғандай, балалардың қараусыз жүруіне, олардың қылмыстық жолға түсуіне, мінез-құлықтарының күрт өзгерістерге ұшырауына ең алдымен отбасындағы жайсыз жағдай себепкер болады. Ондай отбасылар өз құндылықтарын жоғалтып, қоғамға, ең бірінші кезекте баланың болашағына қауіп туғызады. Өткен жылы облыста 500-ге жуық жайсыз отбасы анықталып, бірнеше жүздеген бала бұзақылығымен көзге түскен. Бұл сандар отбасы мәселесіне, оларға көмек көрсетуге қоғам назарын аудару қажеттігін көрсетеді. Сондықтан биыл өңірдегі ішкі істер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттер, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары бірлесе отырып, «Балалар түнгі қалада», «Жасөспірім», тағы басқа рейдтік шаралар жүргізбек.Дөңгелек үстел басына жиналған мамандар арасында өткен жылдың қорытындысын негізге ала отырып, жайсыз отбасылармен жұмысты күшейту барысы кеңірек сөз болды. Қажет болған жағдайда жасөспірімдерге сауықтыру, сабақ үлгерімін жақсарту жағынан көмек көрсетіледі. Әлеуметтік, экономикалық, психологиялық көмекке мұқтаж отбасылар осындай қызмет түрімен айналысатын барлық мемлекеттік органдарға жүгіне алады. Дөңгелек үстелде үкіметтік емес ұйым өкілдері өздерінің тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы отбасының қоғамдағы орнын айқындауға бағытталып жатқанын тілге тиек етті. Шара барысында көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жеңілдік көрсету бойынша жұмыс, отбасылық институттар мен құндылықтарды насихаттау бағытындағы ақпараттық шаралар, балалардың тәуекелдік мінез-құлықтарының алдын алу тақырыптары да әңгіме арқауына айналды. |
Количество показов: 2641
Дата создания: 16.01.2014 19:41:00