Орталық базардағы төбелеске қатысқандар ұсталды
Сенбі күні орталық базар маңында болған төбелеске қатысты бүгін облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы ресми мәлімдеме жасады. Баспасөз хатшысы Ардагер Уайдиннің айтуынша, ұстау кезінде бір топ жігіт тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен. Олардың үстінен әкімшілік және қылмыстық іс қозғалып, қалалық сотқа жөнелтілді. Оқиға сенбі күні сағат төрттер шамасында болған. Жедел басқару орталығына базарға кіреберісте бір топ жігіттің төбелесіп жатқандығы туралы ақпарат түскен. Оқиға болған жерге дереу тәртіп сақшылары жеткен. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдиннің айтуынша, орталық базарға кіреберісте жас жігіттер сөзге келіп, арты төбелеске ұласады. Бір топ адам бір жігітке жұдырық жұмсаған. Тәртіп сақшыларының "төбелесті доғарып, кикілжіңнің неден басталғандығын анықтау үшін полиция бөлімшесіне жүріңдер" деген ескертуіне наразы топ құлақ аспаған. Бірінің баласы, енді бірінің бауыры қамауға алынып, дегбірі қашқан қала тұрғындары полицейлердің әрекетіне - наразы. Айтуларынша олар күш көрсеткен. Істің мәнісін құзырлы мекеме өкілдерінің түсіндіріп беруін талап етті. Қамауға алынған күдіктілерге қандай айып тағылғаны туралы ақпарат алғылары келеді. Тексеру барысында қамауға алынған азаматтардың Орталық базар аумағында ұялы телефон саудасымен айналысқандығы белгілі болды. Облыстық ІІД басшылығының айтуынша, базарға келушілер ұялы телефон сататындар жұрттың мазасын алып, қоғамдық тәртіпті бұзады деп шағымданған. Оқиғадан соң жүргізілген тексеру барысында қамауға алынған күдіктілерден 2 ұрланған ұялы телефон тәркіленген. Бүгін қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында қамауға алынған 22 азаматқа қатысты 15 тәулікке тұтқындау туралы үкім шықты. Күдіктілердің 21-қараша күні Орталық базардың кіреберісінде тағы бір адамды соққыға жығу дерегіне қатысы бар екені анықталған. |
Количество показов: 1947
Дата создания: 26.11.2013 17:42:04