Облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері жұмыстан қуылды
Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігеріне қатысты іс бүгін тәртіптік кеңесте қаралды. Жедел медициналық жәрдем ауруханасының 350 миллион теңге несиелік қарызы бар. Бұл жайт прокурорлар мен қаржы полициясы мамандарының тексерісі кезінде анықталған. Қарыздың қайдан пайда болғандығы және оны қалай жабу керектігі бүгін тәртіптік кеңесте талқыға түсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Ермағамбетовтың айтуынша аурухана - шаруашылықты өзі жүргізу құқығына ие мекеме. Сондықтан, оның бюджетін бөлу және бақылау мекеме басшылығының құзырында. Бүгін тәртіптік кеңес мүшелері бір ауыздан аурухана бюджетін бөлуде селқостық танытқан басшы Сәубет Келімбердиевті атқарып отырған қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек, бүгін тәртіптік кеңестің алдында Мұғалжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қазин мен инспекторы Алдамжаров жауап берді. Олар "Айнұр" базарының өртке қарсы талаптарға сай еместігіне қарамастан, тексеру қорытындысында оң баға берген. Сол сияқты Ембідегі көп салалы колледждің директоры Бекжанов, оның орынбасары Сарина және есепшісі Сағынбаева мемлекеттік сатып алулар кезінде конкурстық рәсімдерді өткізбей, бір кәсіпкерге жәрдем берген. Аталған тұлғалардың бәрі де жұмыстарынан босатылады. |
Количество показов: 1839
Дата создания: 26.03.2014 21:16:17