Облыстық ІІД-де 260 жұмыс орны бос тұр
Ақтөбедегі заң институты екі жылдан соң полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мектебі болып өзгертіледі. Ал бұрынғы облыстық жол полициясының ғимаратына 2015-ші жылға қарай облыстық ішкі істер департаментінің бүтін есепке алу, тіркеу бөлімдері көшіріледі. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихат сессиясында өңірдің бас тәртіп сақшысы Мұхарам Әміров айтты. Ол аудан орталықтарында бір-бірден жедел басқару орталықтары мен айықтырғыштар ашу қажет деп ұсыныс түсірді бүгін депутаттарға. Ал қаладағы жалғыз түйір айықтырғыштың облыстық денсаулық сақтау басқармасы құзырына берілгені белгілі. Денсаулық сақтау басқармасы айықтырғыштағы жатын орындарды қысқартып тастаған. Полицияның болса ішімдік ішіп, қоғамдық тыныштықты бұзған маскүнемнің бостандығын 3 сағаттан артыққа шектеуге құқы жоқ. Алайда ішімдік буымен жасалатын қылмыстар саны көбейіп барады. Облыстық ІІД-не қарасты 46 әкімшілік ғимараттың 20 пайызы ескі. Уақытша тергеу оқшаулағыштары да жөндеуді қажет етеді. Қаладағы тірек бекеттерінің саны 22. Соның 12-сі ішкі істер басқармасына қарайды. Қалған 10-ына жөндеу жүргізу үшін қаржы қажет. Облыстық ІІД-де сондай-ақ кадр жетіспеушілігі мәселесі шешілуі тиіс. Қазір 260 орын бос тұр. Жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар қажет. 127 мектеп инспекторының 65-і қалада. Тағы 37 инспектор жетіспейді. Жалпы былтыр жасөспірімдер қылмысы 28 пайызға төмендеген. Ал облыста жасалған жалпы қылмыс 51,9 пайызға артық тіркелген. Аса ауыр қылмыс саны 32,1 пайызға кем. Бұзақылық 105 пайызға артып кеткен. |
Количество показов: 1939
Дата создания: 28.02.2014 17:49:06