Облыстың 2014 жылғы бюджеті - 54,2 миллиард теңге
Келер жылғы бюджеттің 37 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. 20 миллиард теңге облыстағы құрылысы басталған мектептерді аяқтау үшін, 7 елдімекенде дәрігерлік амбулатория салу үшін және Шалқар, Алға қалаларында дене-шынықтыру-сауықтыру кешендерін ашу үшін жұмсалмақ. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет пен спортты дамытуға бюджеттен 20,2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Қарақұдық, Қаратоғай, Шілікті, Калиновка секілді жеті ауылға дәрігерлік амбулатория салынады. Медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін 8 миллион, жедел медициналық көмек қызметін ұйымдастыруға 980 миллион бөлінді. 2 миллиард теңгеге жуық қаражат білім беру саласына жаратылады. Мәртөктің Коминтерн және Алғаның Бесқоспа ауылдарында 100 орындық, Ембі қаласында 300 орындық мектептер тұрғызылады. Кеңкияқта колледж ғимаратын, Жаңақоныс ауылында 600 оқушыға есептелген мектепті қаржыландыру да келесі жылдың бюджетіне жоспарланған. Мәдениетке 3,7 миллиард теңге тиді. Театрлар мен музыка мектептерін, музейлер мен кітапханалар қызметін жүргізу үшін 669 миллион теңге, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратын салу үшін 5 миллион теңге, Самбай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысына 4 миллион теңге қарастырылды. 115 миллион теңгеге Әйтеке би ауданында Әбілқайыр хан кешені салынады. 6,3 миллиард теңге спортты дамытуға беріледі. Оның 1 миллиарды - қаладағы мұз сарайының құрылысына, 262 миллионы Қарғалы ауылында спорт мектебін салуға және 10 миллион теңге "Химик" стадионын қайта жарақтау үшін жұмсалады. Көлік инфрақұрылымын жетілдіру үшін бюджеттің 4,9 миллиард теңгесі бар. Келесі жылы ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Оған бүгін 532 миллион теңге бөлінеді деп шешілді. 130 миллион теңгеге Ақжар-2, Ясный, Кеңес Нокин атындағы ауылдарға полицияның тірек бекеттері салынады. Депутаттар бюджет жобасын мақұлдап, бір ауыздан бекітті. |
Количество показов: 1878
Дата создания: 11.12.2013 19:42:52