Облыста қылмыс деңгейі төмендеген
Өңірімізде жол-көлік оқиғаларының саны азайды. Жыл басынан бері жол апатынан 27 адам қаза тапқан. Криминогендік жағдай да тұрақты. Елімізде тіркелген қылмыстардың 4 пайызы ғана Ақтөбе облысына тиесілі. Бүгін облыстық полиция департаменті алғашқы 4 айдың қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Өңірімізде қылмыс көрсеткіші азайған. Полицейлер әсіресе ауыр қылмыс түрі айтарлықтай төмен деп отыр. Былтырғы жылдың алғашқы 4 айында 71 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш екі есе аз. Кісі өлтіру, қарақшылық, алаяқтық, мал ұрлығы, интернет алаяқтық секілді қылмыстың түрі былтыр өршіп тұрған. Профилактикалық шаралардың арқасында биыл оң нәтижеге қол жеткіздік, дейді тәртіп сақшылары. Жыл басталғалы 120 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 27 адам көз жұмды. Қаза тапқандардың тең жартысы жылдамдықты шамадан тыс асырғандар. Мас күйінде рөлге отырғандар да бар. Әсіресе халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда ең ауыр жол-көлік апаттары тіркеліп отыр. Статистика бойынша Самара-Шымкент тас жолының Қобда , Өлке, Ақжар, Бөгетсай мен Дөң кенттерінің маңы ең қауіпті аймақ. Ең қорқыныштысы, жол апаттарынан балалардың қаза болуы. Полицейлер алда жазғы демалыс келе жатқанын айтып, қазірден бастап сақ болу керектігін ескертеді. Ата-ана, мектеп ұжымымен қатар жергілікті билік өкілдері де бұған бей-жай қарамауы тиіс. Себебі қала бойынша мектеп маңындағы жолдардың тек 70 пайызы ғана қауіпсіз. Полиция департаменті облыс әкімдігіне қаладағы 15 мектептің маңын қоршау керектігі туралы ұсыныс айтыпты. Олардың қатарында №15, 21, 16, 53, 31- ші мектептер бар. Мәселе қаржыға тіреліп тұр, дейді Қанат Әлиев.Облыстық полиция департаменті бала жарақатын болдырмау мақсатында білім беру ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істемек. Ал республикалық маңызы бар жолдарда апаттардың алдын алу үшін, "ҚазАвтоЖол" АҚ- да атсалысуға шақырады. Қауіпті жерлердің схемасын сызып, карталар әзірлеп, жолаушыларға тарату, ғаламтор арқылы шетелдік жолаушыларды ақпараттандыру жұмыстарын күшейтпек.
Количество показов: 898
Дата создания: 10.05.2023 15:04:45