Облыста су басу қаупі жоғары аумақтар бақылауда
Бүгінгі күні облыс бойынша 12 мыңнан астам адам тұратын су басу қаупі жоғары 34 елді мекен бақылауда тұр. Бұл тізімге Қызылжар, Есет батыр, Өрлеу, Сазды, Ақшат, Шилісай, Садовое, Заречный-4, Береке, Батыс-2, Мағаджан аудандары кіреді. Өткен жылдың жазғы-күзгі кезеңінде су тасқынына қарсы 50-ден астам іс-шара іске асырылған болатын.Бүгінгі күні ұзындығы 13 шақырым су тасқыны қаупі бар өзендерді тереңдету, жағалауды нығайту, тазарту бойынша жұмыстар, су бұру арнасын салу , бөгеттерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жанар-жағар май , инертті материалдар қорларын дайындау жүзеге асырылуда. Өңірде төтенше жағдайдың алдын алуға және жоюға 361 миллион 644 мың теңгеден астам қаражат бөлінген.Мамандардың айтуынша, өткен жылдың наурыз-сәуір айларында күн күрт жылынып, жауын-шашын мол болғаны қалада қардың тез еруіне, еріген жаңбыр суының ойпатты жерлерде толып қалуына әсерін тигізген. Осы себепті көптеген тұрғындар зардап шекті. Биылғы жылы мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жұмыс жасалуда, дейді облыстық ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бас маманы Әлішер Сарбаев. Су тасқынына қарсы іс-шаралар облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бақылауында. Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда көмекке келетін жалпы саны мың жарымнан астам адам, 487 бірлік техника, 53 бірлік жүзу құралы, 197 мотопомпа дайын тұр. Онымен қоса, облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды. Сыйымдылығы 14 мың адамнан асатын 84 орналастыру пункті, 26 шатыр, 800 -ден астам жатын орын және 1 500 төсек-орын жабдықтары дайындалған.
Количество показов: 795
Дата создания: 31.01.2023 12:17:37