Облыста 14-шілдеде 2 адам суға батып кетті
Ақтөбеде "Тропикано" жағажайында 27 жастағы ер адам суға батып кетті. Жігіт достарымен демалуға келіп, ажал құшты. Сүңгуірлер оның денесін түнгі уақытта екі метр тереңдіктен алып шықты. Қайғылы оқиға жеке жағажайлардың бірінде орын алып отыр. Құтқарушылардың айтуынша, түнгі уақытта суға шомылуға тыйым салынады. Ережеге сай, жағажай түнгі 11- ге дейін жұмыс істегенімен, шомылу уақыты кешкі тоғызға дейін ғана. Қазір оқиға орнында тексеріс басталды. Сараптама тағайындалды. Жағажай қызметкерлері тергеліп жатыр. Екінші жағдай Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылдық округі, Шеңгелши ауылында тіркелді. Құтқарушылар бүгін таңмен Жем өзенінен 34 жастағы ер адамның денесін алып шықты. Төтенше жағдайлар қызметіне оқыс оқиға жайлы жігіттің жанында болған достары хабарлаған. Олардың айтуынша, марқұм жүзу білмеген. Сол күні ол достарымен демалып, алкаголь тұтынған. Өңірімізде суға бату оқиғалары жиілеп кетті. Жыл басынан бері 10 адам суға кетсе, оның бесеуі бала. Құтқарушылардың айтуынша, статистика судағы оқыс жағдайлардың 90 пайызы шомылуға арналмаған жерлерде болатынын көрсетеді. Жаз басталғалы құтқарушылар кез келген қауіптің алдын алу үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Әсіресе сенбі мен жексенбі күндері жағажайларда демалушылардың саны 10 мыңға жетеді, дейді төтеншеліктер.
Количество показов: 802
Дата создания: 15.07.2022 19:52:54