Облыс педагогтары тамыз конференциясында бас қосты
Ақтөбеде бүгін тамыз конференциясы өтті. Қала мен аудандардан жиналған 1000- нан астам ұстазға өңіріміздің бас педагогы алдағы оқу жылында қандай өзгерістер болатынын айтып берді. Басты жаңалық-оқу жылының ұзаруы мен бес күндік жұмыс аптасының енгізілуі. Дәстүрлі шараның биылғы тақырыбы "Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық пен отаншылдық қасиет". Мұғалімдердің жалақысы өсті, әліппе оралды. Ақтөбелік білімді оқушылар республика бойынша топ жарып, халықаралық жарыстардан жүлдемен оралды. Білім көрсеткіші бойынша да өңіріміз үздіктер қатарында. Ал үздік оқушыларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Ақшалай сыйақылар мен гранттар беріледі. Жағдайы төмен отбасылардың балалары да қатардан қалмауы тиіс. Олар да биылдан бастап қаладағы білім-инновация лицейі, М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алады. Ал аз қамтылғандар санатындағы ата-ананың шотына мектеп жасындағы әр баласы үшін 37 389 теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл қаражат оқушыны мектепке жинау мақсатында бөлініп отыр. Әйтсе де, білім саласында шешімін таппай келе жатқан мәселе аз емес. Ақтөбеде мектептерге бала сыймай жатыр. Оған "Есет батыр" тұрғын үй алабындағы №60 мектеп дәлел. Мұнда балалар үш аусымда оқиды. Биыл да сыныптар жетіспейді. Оқушылар мен ұстаздар өміріне қауіп төндіріп тұрған апатты мектептер де бар. Ескірген ауыл мектептерін жаңғырту мәселесі өзекті. Тамыз кеңесіне шақырылғандардың арасында Мейірім Әбдіразақ та бар. Шалғай ауылдан келген ұстаздың еңбек өтілі 30 жыл. Ойыл ауданы, Амангелді орта мектебінің физика-математика пәні мұғалімі. Үздік педагогтың осы уақыт аралығында қалаға көшу немесе мамандық ауыстыру туралы ойы да болмаған. Өз мамандығын сүйеді. Ауылда физика, ағылшын тілі пәнінің оқытушылары тапшы, дейді ол. Ауыл ұстаздарының айлығы 250 мен 350 мың теңгенің аралығында. Жастарды, әсіресе ер балаларды ұстаздық мамандығын меңгеріп, ауылға жұмыс істеуге шақырады. Конференция барысында айтылғандай, балаға білім беруден бөлек, рухани тәрбиеге көңіл бөлу маңызды деп есептейді.
Тамыз кеңесіне жиналғандар ұрпақ тәрбиесіндегі мұғалімнің рөлін тілге тиек етті. Ұлт құндылығы мен тәрбие мәселесіне қатысты ойлар айтылды. Өнер орталығында өткен шара барысында "Үздік білім беру ұйымдары", "Үздік ұстаздар" облыс әкімінің ақшалай сыйлығын алды. 31 педагог "Еңбек ардагері", "Ыбырай Алтынсарин", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілерімен марапатталды.
Количество показов: 675
Дата создания: 25.08.2022 22:35:34
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>