Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті
Өңір басшысымен болған бүгінгі жүздесу жоспарлағаннан да ұзаққа созылды. Сұрақ та көп, сәйкесінше жауап та берілді. Өңірдің басшысы соңғы үш жылдағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оңдасын Оразалин былтыр он екі ауданның 18 мыңнан аса тұрғынымен кездесіпті. Аудан халқын әлі күнге дейін су, газ, жарық, жол мәселесі қинайды. Он екі ауданның аумағында 300-ден аса елді мекен бар. Сол ауылдардың тең жартысына су мен газ жетпеген. Биыл шалғайдағы Құмқұдық, Тереңсай, Саркөл, Жайсаңбай, Тоғыз, Оймауыт, Алтай ауылдарына газ тартылып, ауыз су келеді. Облыс әкімінің тағы бір жақсы жаңалығы- бассейні бар спорт кешендерін тұрғызу мәселесі. Спорт алаңдары көбейіп, қала мен аудандарда арнайы бассейн орталықтары салынбақ. Жиын барысында қалабасы Асхат Шахаров та сұрақтарға жауап берді. Қала әкімі тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өткір күйінде қалып отырғанына алаңдады. Қала іргесіндегі "Думан", "Парасат" тұрғын үй алаптарына биыл су желілерін тарту мәселесі шешіледі. Биыл желтоқсан айына дейін 10 көше күрделі, 20 көше ағымдағы жөндеуден өтеді. Есет батыр, Тургенев, Молдағұлова, Чехов, Мәскеу көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары қар кеткен бойда басталады. №68 орта мектеп маңында балалардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолы салынады. Еркін әңгімелесу барысында облыс әкімі тілшілер тарапынан қойылған жеке сауалдарға да жауап беруге тырысты. Облыс әкімінің орынбасарлары саны қысқаруы мүмкін екендігін де айтып өтті. Бірер күн бұрын әкім орынбасары Руслан Хамбаров жұмыстан кететіндігі турасында өтініш түсірген. Өтінішке Оңдасын Оразалин әзірге қол қоймаған. Барлық облыс әкімдерінде бес орынбасардан болғандықтан, онсыз да 4 орынбасары бар біздің өңірдің мәселесі ел президентінің мақұлдауымен шешілмек. Ал халықты алаңдатып отырған әуежай мәселесі өткір күйінде тұр. Әуежайдың ұшып-қону алаңын қалыпқа келтіруге негізінен екі ай мерзім қажет. Бірақ облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы түрде орындап, қысқа мерзімде аяқтауға тапсырма берген.
Количество показов: 581
Дата создания: 25.03.2022 18:29:37