Облыс әкімі Оңдасын Оразалин күрделі жөнделіп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады
Шаһарда жақында лентасы қиылған "Қамқорлық" оңалту орталығы жылына 600 мүмкіндігі шектелген балаға қызмет көрсетуге қауқарлы. Медициналық орталықта жүйке жүйесінде ауытқуы бар балалар емделе алады. Облыста кәмелет жасына толмаған 6 мың мүгедек бала бар. Сұраныстың көптігіне байланысты мұнда жылына мыңға жуық келуші емделіп шығады. Орталықта барлық аппараттар заманауи, жетілдірілген. Тірек- қимыл мүшесінде ақауы бар балаларға қажетті құралдар әлі де алынатын болады. Облыс әкімі №2 әлеуметтік оңалту орталығының құрылыс алаңында болды. Екі қабатты ғимарат ауданы 600 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары мамыр айында аяқталады. Орталық директоры Азамат Сұлтанұлының айтуынша, нысан автономды жылумен қамтылады. Яғни жылу қазандығы қоса салынып жатыр. Шаһардағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысқан өңір басшысы Ыбырай Алтынсарин атындағы музейді қарап шықты. Ғимаратты қайта жарақтау жұмыстарына көңілі толмады. Мәдени маңызы бар нысандардың ішін бөлмелерге бөліп, тарылтудың қажеті жоқ, деген ойын білдірді. Мердігер мекеме өкілі құрылыс жұмыстары тапсырыс бойынша жүріп жатқанын айтып ақталды. "Ай мереке" ЖШС-гі өкілі Мәлік Қожаниязов үстіңгі қабатта жеткілікті орын болатынын жеткізді. Бірақ өңір басшысы Оңдасын Оразалин музейдің қайта салыну жобасын мүлде ұнатпады. Мәдени кешендер заманауи үлгіленуі тиіс деген пікірді ұстанды. Яғни терезелері кең, тіпті қабырғалар шыныдан салынса артықтық етпейді дейді.
Ыбырай Алтынсарин атындағы музей қасбеті сол күйі өзгерместен қалады. Ескі шаһардың архитектуралық келбетімен үндесетін болады. Ғимараттың тек іші өзгереді. Құрылыс жұмыстарын өңір басшысы өзі қадағаламақ.
Количество показов: 818
Дата создания: 18.02.2022 22:35:49