Облыс әкімі Ералы Тоғжановқа қаланы дамыту жоспары таныстырылды
Қаланы тазартып, абаттандыруға тұрғындармен қатар әрбір бизнес нысандарының иелері атсалысуы қажет. Ақтөбеліктердің бас ауруына айналған қоқыс, жол мәселелері жыл аяқталмай шешілуі тиіс. Бірінші кезекте 41-ші бекет аумағындағы жол құрылысы аяқталып, ескі қаладағы жиналып қалған қатты тұрмыстық қалдықтар полигонға тасылады. Осы секілді мәселелер бүгін қалалық әкімдікте облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен отырыста көтерілді. Мәслихат депутаттары мен мердігерлерді, бөлім басшыларын жинаған жиналыста қалабасы Асхат Шахаров баяндама оқыды. Жиында қаланың дамуына қатысты біраз сұрақтар көтерілді. Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың қала әкімдігінде өткізген алғашқы жиынына адам көп жиналды. Үшінші қабаттағы мәжіліс залында өткен үш сағаттық жиналысты тұрып тыңдағандар да болды. Облыс әкіміне қалабасы Асхат Шахаров болашақ мегаполистің бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап өтті. Қала жолдарының жалпы ұзындығы 655 шақырымды құрайды, оның 350 шақырымы асфальтталған. Даңғыл, көшелерді орташа және күрделі жөндеуге биыл 7,2 млрд теңге бөлінген. Жолды сапасыз салып, кемшіліктерін жоюдан бас тартқан 11 мердігер мекемеге қатысты сотқа шағым түсірілген. Уәде етілген уақытында тапсырылмай отырған жол құрылыстары жобалары да бар. Бұл мәселелерден облыс әкімі Ералы Тоғжанов хабардар. Өңір басшысы күн жылы уақытта жөндеу жұмыстарын ыждағаттап, бітіруді тапсырды. Биыл шаһарды абаттандыруға және көгалдандыруға қала бюджетінен 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Гүлзарларды абаттандыруға 246 млн теңге жұмсалған. Суағарларды күтіп ұстауға 123 млн теңге берілген. Көшелер бойына 61 шақырымды құрайтын суағар қазылған.
Қаладағы шешімін таппай отырған мәселенің бірі тұрмыстық қатты қалдықтарды полигонға шығару. Бұр проблеманы жою үшін бірқатар жоспар да жасалған. Әкімдік қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау мақсатында шетелдік компаниямен келісімшарт жасасқан. Грециялық "SABO S.A." компаниясы өз әдіс-тәсілдерін ұсынып отыр. Биылдан бастап көшелерге қоқысты сұрыптап салатын арнайы қоқыс контейнерлері қойылып жатыр. Олардың саны келер жылға дейін 300-ге жетпек. Қалада 65 саябақ бар. Жыл соңына дейін Әуеқалашығы мен Әлия Молдағұлова даңғылының бойында тағы екеуі ашылады. Биылдыққа 1,2 млрд теңгеге 12 саябақ жөнделген. 15 шақырымды құрайтын тротуарларды жөндеуге 300 млн теңге бөлінген. Бірақ жаяу жүргіншілер жолын көбейту мақсатында қосымша 900 млн теңге қажет. Қала жолдарының сапасыз болуы ақтөбеліктерді де қинайды. Шаһарда 1868 көпқабатты үй болса, оның 350-інде ғана балалар алаңы бар. Биыл 188 млн. теңгеге 62 ойын алаңдарын салу жоспарланған. Құрылыстары әлі бітпеген. Өңір басшысы Ералы Тоғжанов қандай іс басталмас бұрын жан-жақты ойластырылған жоспардың болуы маңызды екенін алға тартты. Өйткені шала құрылған жоспар сапасыз іске итермелейтіні бесенеден белгілі деп түйіндеді облыс әкімі.
Количество показов: 743
Дата создания: 16.09.2022 21:31:08
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>