Облыс әкімі "Ақтөбе" ойыншыларына жаңа міндеттер жүктеді
Европа лигасының топтық кезеңдерінен өтіп, ел чемпионатының алғашқы турында үздік алтылыққа енуіміз керек. Бүгін өңір басшысы «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы мен ойыншыларына жаңа маусымда осындай міндет қойды. Шешуші матч алдында «Ақтөбе» футбол командасын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қабылдады. Түркиядағы жаттығу жиындарының нәтижесін талқылап жатпайтынын айтқан өңір басшысы, клуб басшылығы мен футболшыларға жаңа маусымда жүктелетін міндеттерді тізбеледі. Жақсы нәтиже, жанкүйердің көңілінен шығатын ойын көрсету үшін атқарушы билік тарапынан барлық жағдайдар жасалады. «Ақтөбе» қаражаттан тарықпайтын болады. Команда ертең Астанаға жол тартады. Алда- Суперкубок үшін тартыс. Жаңа маусымдағы алғашқы кездесуге команда тастүйін дайын. Өткен маусымдағы ел чемпионының құрамында кімдер ойнайды деген сауал көп жанкүйердің көкейінде жүргені рас. Бірнеше күн бұрын клуб киевтік «Динамоның» экс-шабуылшысы Артем Милевскиймен келісім-шартқа отырды деген ақпарат тараған болатын. Бұл ақпаратты бүгін бас жаттықтырушының бас ассисенті Алексей Косолапов растамады. Әзірге клуб басшылығы нақты шешім қабылдамаған. Сондықтан, Миллевскийдің ақ-қызыл жейде киетін-кимейтіні жақын арада белгілі болады. Жанкүйерлердің бізге жаңа стадион керек деп айтып жүргеніне аз болған жоқ. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қазір жобалаушылар мен сәулетшілер осы бағытта жұмыс істеп жатқандығын айтты. Қазір көрші елдердегі стадиондардың үлгісін зерттеп жатыр. Болашақта 20-25 мың көрерменге лайықталған стадион салу жоспарда бар. |
Количество показов: 1930
Дата создания: 05.03.2014 21:09:17