Облыс аумағындағы жағдай тұрақты
Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізіп өңірдегі ахуалды баяндады. Билік өкілі 4-ші қаңтарда облыс әкімдігі ғимараты алдына шамамен 2 мыңға жуық адам келгенін айтты. Бейбіт шеруге шыққандардың бірнеше талабы болды. Бейбіт шеру кезінде арандатушылардың кірісуінен облыстық әкімдік ғимараты бүлінген. Қазіргі кезде шығын көлемі шамамен 300 миллион теңге деп болжанып отыр. Билік өкілі басқа стратегиялық нысандардың, шағын орта бизнестің зардап шекпегенін, яғни, қалада жаппай тонаудың болмағанын алға тартты. Бұл ретте ол, бейбіт тұрғындар мен тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
Сонымен қатар, наразылық акциялары облыстың бірнеше аудандарында да өткізілген. Наразылық білдірушілер «Ақтөбе-Астрахань», «Самара-Шымкент», «Қарабұтақ-Қостанай», «Қандыағаш-Ембі» тасжолдарын жауып тастаған. Салдарынан теміржол станцияларында қозғалыс тоқтатылған. Облыс әкімінің орынбасары қазіргі уақытта, облыс бойынша жағдайдың тұрақталғанын айтты. Барлық нысан, қоғамдық көліктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, ірі өндіріс кәсіпорындары және қаржы мекемелері өз жұмысын жандандырған. Мұны шаһар тұрғындары да растап отыр. Қазіргі таңда қолайсыздық тудырып тұрған мәселе жоқ дейді ақтөбеліктер. Бүгінгі баспасөз мәслихатында, сондай-ақ, өңірдегі жағар май бағасы мен коммуналдық қызмет тарифтері де аталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаровтың айтуынша, сұйық отын станцияларындағы баға еліміздің энергетика министрлігі бекіткен бағадан төмен. Ал, тұрғындарды су, жылу, жарық және газбен қамту тарифтері 2021 жылғы деңгейде қалды.
Количество показов: 870
Дата создания: 12.01.2022 20:17:44