Облыс аумағындағы тірек ауылдар анықталды
Республикалық бюджет трансферті есебінен берілген 9 млрд теңгенің көп бөлігі әлеуметтік сипаттағы төлемдерге жұмсалады. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс 21-сессиясында белгілі болды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашеваның айтуынша, қалған сома білім беру саласын дамытуға, қатерлі ісік және ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандарды емдеуге арналған препараттарды сатып алуға, қалада жас отбасыларға арналған тұрғын үйлердің құрылысына жұмсалады. Тірек ауылдарды дамыту бүгін тағы да талқыланды. Облыс аумағында 8 аудандағы 26 елді мекенді абаттандыру қолға алынбақшы. Жобаға сәйкес, тірек ауыл мәртебесіне Алға аудандының Маржанбұлақ елді мекені, Байғаниннің Жарлысы мен Жарқамысы, Ырғыздың Құтикөлі мен Құрылыс, Қарғалының Петропавловка, Мәртөктің Жайсаң және Родниковка және өзге де аудандардың бірнеше ауылдары ие болмақ. Облыстық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылған тірек ауылдық елді мекендердің 20-сында орталықтандырылған су жүйесі бар, 9-ына көгілдір отын жүргізілген. Болашақта аталған елді мекендерде шағын және орта бизнесті дамыту жоспарланып отыр. Дені-ауыл шаруашылығына қатысты кәсіп болмақ. Құны 9 млрд теңге болатын 254 жобаны жүзеге асыру көзделген. |
Количество показов: 1960
Дата создания: 03.04.2014 18:55:22