Қобда ауданында су тасқынына қатысты төтенше жағдай жарияланды
Қобда ауданында аудан әкімі Болат Құловтың шешімімен төтенше жағдай жарияланды. Сондай - ақ, облыс әкімі Ералы Тоғжанов үйлерін су басқан әр отбасыға көмек көрсетілетінін жеткізді. Айта кетейік, 13 - ші наурызда Қобда ауданында 15 тұрғын үй, 32 аула , дене шынықтыру - сауықтыру кешені, 2 мектеп және 2 коммерциялық нысан су астында қалған болатын. Бүгінде елді мекенде су тасқынына қарсы іс - шаралар жалғасып жатыр.Қобда ауданында бұл соңғы 30 жылда қайталанып тұрған жағдай, дейді байырғы тұрғындары. Әйтпесе, жыл сайын көктемде еріген қар суының бетін қобдалықтар ешкімнің көмегінсіз өздері-ақ қайтарып жүрген. Биыл да бастапқыда өз күштерімен қарғын суды бөгеуге тырысқан. Онымен тасыған су әл бермеген. Тіпті республикалық маңыздағы "Самара-Шымкент" тас жолын жыруға тура келді. Трассада 500 жүк көлігі қаңтарылып тұр. Кеше кештен бастап ауылда эвакуация жұмыстары жүргізіліп, 92 адам су басқан үйлерден шағырылған. Тұрғындар тек өздерімен құжаттарын алып үлгерген. Су басқан нысандарға қайықпен ғана жетуге болады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданына барып, үйлерін су басқан әр отбасыға көмек көрсетілетінін жеткізді.Қобда ауданындағы жағдай қатаң бақылауға алынды. Қобда өзенінің арнасынан асуы ықтимал. Кеше ауданға облыс орталығынан 30 құтқарушы жеткен. Сондай - ақ, қосымша техникалар тартылуда.
Количество показов: 708
Дата создания: 15.03.2023 10:03:26