Қоқыс полигоны қаланы жайлаған жағымсыз иістің ошағы ма?
Қаланың өндірістік аумағында орналасқан жаңа полигонның халыққа қызмет көрсете бастағанына көп уақыт өткен жоқ. 62 га аумақты алып жатқан нысан 25 жылға есептелген. Осы мерзім ішінде жобаға сәйкес, полигонға 3 миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық төгілуі тиіс. Қалалық қоқыс полигонының бастығы Жақсыбек Нысанбаевтың айтуынша, қоқысты қабылдаудың, оны төгудің де тәртібі бар. Тұрмыстық қалдықтар бөлек, құрылыс материалдарының қалдығы мен кесілген ағаштар бөлек төгіледі. Күл-қоқыстың үстіне арнайы топырақ төгіліп, тегістеледі. Сондықтан, жағымсыз иістің таралуы мүмкін емес дейді, -Жақсыбек Нысанбаев. Полигонға жыл сайын 120 мың тонна қоқыс төгіледі. Заңды тұлғалар әр тоннасы үшін 1471, ал жеке тұлғалар 980 теңге төлеуі тиіс. Полигонға детергенттер мен улы химикаттарды, сырлы бояу материалдарын, аккумулятор секілді қауіпті заттарды тастауға тыйым салынған. Қоқыс алаңының маңы қоршалғанымен, полигонды күнделікті нан-пұлын айыруға айналдырып отырғандар бар. Қоқыс төгуге келген көліктердің жолын тосып отырған адам қарасы жетерлік. Шөлмек пен металл сынықтарын тереді. Жалғыз күзетшінің оларға тыйым салуға қауқары жетпейді. Ескі полигон жаңасының іргесінде. Жағдайы мәз емес. Жақын маңдағы тұрғындардың айтуынша, жұмыссыз жүргендер үшін-тіршілік ету көзіне айналған. Металл сынықтарын теріп, соны тапсырып күнін көреді. Ештеңе таппаған жағдайда, қоқысты қопарып, төңкеруге дейін барады. 1987 жылы пайдалануға берілген ескі полигонда 3 миллион тоннадан астам қоқыс жатыр. Ол жерді қайта қалыпқа келтіру - бүгінгі күннің мәселесі. |
Количество показов: 4891
Дата создания: 23.07.2012 18:52:55