Ақтөбелік кәсіпкерлер тұрғындарға сый жасамақ
Ақтөбеде биыл демеушілердің қолдауымен 11 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Шағын учаскелерді абаттандыруды жергілікті кәсіпкерлер қолдапты. Ел игілігіне берілетін барлық кеңістікке ағаш отырғызылып, суару жүйесі тартылады. Тастар төселіп, орындықтар, түнгі жарық шамдары орнатылады. Шаһар басшысы Азамат Бекет алғашқы 3 алаңның жобасымен өңір басшысы Асхат Шахаровты таныстырды. Ең алдымен сапаға мән берілуі керек. Алғашқысы - Алтын Орда ауданы Мәңгілік ел көшесіндегі аумақ. Өткен күзде қарағайлар отырғызылған жерді «Зерде Керамика Ақтөбе» серіктестігі шағын сквер ретінде абаттандыратын болды.М.Мәметова көшесінің бойындағы «Керуен» ойын-сауық, сауда орталығына қарсы беттегі бос жатқан учаске де тұрғындарға тарту болмақ. «Алихан ОЙЛ» серіктестігі тұрғындарға қолайлы алаң жасамақшы. Облыс әкімі компания басшылығына өсіп тұрған ағаштарды кеспеуді тапсырды.
Ал, Есет батыр тұрғын алабындағы №72 мектеп пен көпқабатты үйлердің арасындағы бос кеңістікті «Анвар» сауда желісі қолға алады. Тұрғындардың демалысына арналған сквер салынып, көгалдандырылады, суару жүйесі орнатылады. Айта кетейік, былтыр «Зерде керамика Ақтөбе», «Анвар», «Көктас Ақтөбе» компаниялары мен Ақтөбе металл конструкциялары зауыты қалада бос жатқан 5 алаңқайды абаттандырып, шағын скверлер жасақтаған болатын.
Количество показов: 27
Дата создания: 01.04.2025 04:08:12