Оқушылары тәртіп мектептердің аты аталды
Қала билігі бастап мектеп оқушыларының тәртібін түзеуге шындап кіріскен. Бүгін №29-шы мектепте қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының кезекті көшпелі отырысы өтті. Онда жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықпен тиімді күресіп отырған мектептердің жұмысы көпке таныстырылды. Комиссияның көшпелі отырысының №29-орта мектепте өтуі тегіннен тегін емес. Биылдыққа бұл мектепте ешқандай қылмыс тіркелмеген. Тәртіп бұзып, есепке алынған оқушылар да жоқ. Мектеп басшылығының өзі мұндай көрсеткішке заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды тиімді жүргізу арқасында қол жеткіздік деп отыр. Өзгелерге үлгі боларлық тағы бір білім беру ордасы ол - №50 мектеп. Орта мектепте "Тәртіп сақшыларының командасы" жұмыс істейді. Сондай-ақ №16-шы орта мектеп "Магистр" атты балалар бірлестігін құрған. Бірінші сыныптан бастап бұл мектептегі оқушылардың қабілет-қарымы анықталады. Ғылымға, тіл үйренуге баулиды. Балалардың шығармашылық дарыны ашылады. №30-шы мектепте де "Жас дарын" орталығы жұмыс жасайды. Оқушылар интеллектуалдық үйірмелерге тартылған. Бұл аталған мектептердің жасап жатқан жұмыстарын, тәртіпсіздікпен күрес амалдарын бүгін комиссия мүшелері өзгелерге үлгі етті. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бағдарламалар негізінде әдістемелік құрал әзірленбек. |
Количество показов: 2416
Дата создания: 30.10.2013 19:42:36