Өнертапқыш заманауи киіз үй ойлап тапты
Ырғыздық өнертапқыш заманауи киіз үйдің шағын үлгісін жасап шықты. Осы жоба бойынша кәдімгі құрылыс материалдарынан ұлттық нақыштағы үй салуға болады. Аманбек Сыдықов енді бұл дүниесін әділет органдарында тіркетіп, патент алмақ. Жаңашылдық бүгін облыстық әділет департаментінде көпшілікке таныстырылды. Сырты оюмен әспеттелген екі қабатты киіз үйдің астыңғы бөлігінде жеті бөлме: үш жатын бөлмесі, жуынатын, ас ішетін бөлмелер, дәлізі мен ортаңғы бөлмесі бар. Үстіңгі қабатында кәдімгі киіз үйдегідей түндігіне дейін ойластырылған үлкен қонақ бөлме жасақталған. Жоғарыға баспалдақпен көтеріледі. Үлгіде әр бөлменің аумағы - 15 шаршы метрден. Жеті терезесі бар. Үй газбен немесе пешпен жылытылады, электр энергиясымен жарықтандырылады. Мүмкіндік болса, су тартуға болады. Өнертапқыш Аманбек Сыдықовтың есептеуінше, мұндай баспана тұрғызу үшін шамамен 40-50 мың доллар қаражат керек. Құрылысқа ақ кірпіш, экотон, тіпті саман кірпіш пен қамысты да пайдаланса болады. Ұлттық нақышта тұрғын үй салу туралы ой ырғыздық азаматқа үш жыл бұрын келіпті. Мамандығы бойынша құрылысшы Аманбек ішкі туризмді дамыту үшін мұндай үйлерді көп салып, саяхатшылардың қызығушылығын тудыратын ауылға айналдыруға болады дейді. Бүгін мұнда саналуан өнертабыстар таныстырылды. Мәселен, дәрігерлер қауымы бауыр мен өкпенің бүлінуі кезінде науқасты пышаққа іліндірмей емдейтін әдісті, күйікті емдеудің жаңаша тәсілін ұсынды. Ал, жас өнертапқыштар робот техникасын жасаудағы жаңалықтарымен бөлісті. Өнертабыстардың иелері өздері жасаған дүниелерін жыл сайынғы "Шапағат" байқауына жібереді. Биыл мамыр айында Астанада өтетін өнертабыстар байқауына түрлі салада жаңалық ашқан кез-келген ақтөбелік қатыса алады. |
Количество показов: 3560
Дата создания: 27.03.2014 20:33:13