Үнемі құлаққап киіп жүру құлақ ауруына әкеп соқтырады
Конференцияда дәрігерлер құлағы ауыратын жастар, үлкендер, туа бітті есту қабілеті нашар балалар саны көбейгенін айтып дабыл қақты. Мамандар оған бірден-бір себеп үнемі құлаққап киіп жүру деп отыр. Дәрігерлер керең болып қалудан сақтану үшін алғашқы белгілерінде сурдологиялық орталықтарда аудиометр, темпанометр сияқты аппараттармен жүйелі емделген дұрыс деп ескертті. Өңірде 40 мыңға жуық ақтөбелік құлақ ауруларынан зардап шегеді. Тең жартысы таскерең болып қалғандар. Жылына 40-қа жуық мүлде естімей қалған науқас Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына тегін ота жасатуға барады. Операциялардың 10-20 пайызы ғана нәтижесін беріп жатады. Құлақ ауруының жеңіл түрлеріне жергілікті емханаларда ота жасалынады. Құлақ аурулары кеңсірік, тамақ, жұтқыншақпен байланысты. Бұл орган миға өте жақын орналасқандықтан қауіпті саналады. Құлақ жиі бітелсе, тамақтағы баспа мен гайморит асқынуы мүмкін. Аурудың осы түрі адамдар арасында жиі кездеседі. Конференцияда құлақ ауруларына қатысты тыңғылықты ақпараттар жинаған бірнеше жас маман Нұрсұлтан қаласында орналасқан республикалық лор дәрігерлері қауымдастығында білімін жетілдірмек. Қалада бұл саланың мамандары жеткілікті.
Количество показов: 1170
Дата создания: 31.05.2019 18:33:15