Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театының Ақтөбеге гастрольдік сапары басталды
Бүгін қалада Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театының гастрольдік сапары басталды. 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өнер ұжымы Ақтөбе көрермендеріне 5 бірдей үздік қойылымын ала келген. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұжымы репертуарындағы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ең үздік деген таңдаулы қойылымдарын ала келіпті. Бүгін сағат 18.30 да Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасына "Әлиханның аманаты" спектаклімен шықты. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухын әспеттейтін реквием жанрындағы спектакльдің режиссері Гүлсина Мирғалиева. Республикалық өнер ордаларының қатарынан табылатын маңғыстаулық театр 20 жыл ішінде көптеген халықаралық байқауларда топ жарып жүрген шығармашылық ұжым. Театр репертуарындағы спектакльдердің тақырып ауқымы әртүрлі. Олардың қатарында әлем сахналарынан орын алған белгілі классиктердің шығармалары, қазақ драматургиясының озық туындылары және көршілес елдер драматургиясының үздік шығармалары бар. Театрдың репертуар қоржынында үлкендерге арналған 90- нан астам, балалар аудиториясына арналған 20 шақты қойылымы бар.Ертең 7-ші сәуір күні театрда Мұхтар Әуезовтің "Қорғансыздың күні" шығармасы сахналанады. Ал сенбі күні ақтөбелік көрермендерге Шекспирдің атақты "Гамлеті" ұсынылады. Кішкентай көрермендерге арналған "Мың бір түннің " желісімен "Алладиннің сиқырлы шамы" ертегісі ертеңнен бастап үш күн қатарынан сағат 11.00- де қойылатын болды.
Количество показов: 885
Дата создания: 06.04.2023 17:11:28