"Нұр Ақтөбедегі" құрылысқа қосымша қаражат бөлінді
Бюджетте артылып қалған 2,5 миллиард теңгені бүгін қалалық мәслихат депутаттары бөліске салды. 1 миллиард теңгеден астамы ел қазынасына аударылды да, қалған 1 миллиард 457 миллион теңгені бүгін халық қалаулылары салаларға бөлді. 90 миллион теңгеге Кірпішті, Өнідірістік аймақ және 41-бекет аудандарында үш кәріз суын төгетін бекет салынады. 15 миллион теңгеге Оңтүстік-Батыс ауданындағы электр желілері қайта жарақталады. Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы гүлзардың құрылысына 66 миллион теңге беріледі. Ал, Мәншүк Мәметова көшесіндегі гүлзар құрылысына 232 миллион теңге қажет, бірақ, әзірге тек 100 миллион теңге қарастырылып отыр. 5 миллион теңге Қурайлы мәдениет үйін қалпына келтірудің жобалық құжатын жасауға жұмсалады. 60 миллион теңгеге биыл Қобыланды батыр атындағы орталық стадион ағымдағы жөндеуден өткізіледі. 15 миллион теңгеге орталық саябаққа жеті мүсін сатып алынады. Қалалық бюджеттің 200 миллион теңгесі білім саласына бағытталмақ. Қалалық әкімдік биыл оқушыларға ыстық тамақты ұйымдастырумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің көмегінен бас тартып отыр. Бұл іспен енді мектеп директорлары айналысады. Бұл мақсатқа бюджеттен 35 миллион теңге бөлінді. Мектептер сәуірге дейін 100 пайыз асханамен жабдықталып болуы тиіс. Бүгін бөліске салынған бюджетте жол жөндеу жұмыстарына бір тиын бөлінген жоқ. Қала әкімі Ерхан Омаровтың айтуынша, бұл шаруаларға былтырдан қалған ақша жаратылады. Депутаттар бүгін облыстық бюджеттен аударылған мақсатты трансферттерді де реттеді. Облыс қалаға 1 миллиард 119 миллион теңге беріп отыр. Оның 338 миллион теңгесіне "Нұр Ақтөбе" ауданында 1 200 орындық мектеп, 420 миллион теңгеге 320 балаға шақталған балабақша салынады. 4 миллион теңге "Жасыл ел" еңбек жасағының жұмысын ұйымдастыруға жұмсалады. |
Количество показов: 1882
Дата создания: 20.02.2014 18:39:47