«Нұр Ақтөбе» ауданында асфальт опырылды
«Нұр Ақтөбе» ауданының тұрғындары алаңдаулы. Қаладан кіреберістегі жолдың бір бөлігін су шайып, асфальт опырылып, ауладағы тас төсеуіштер сөгіліп жатыр. №10 үйдің жертөлесі суға толған. Ауданның тұрғындары пәтерлерді сатқан жергілікті әкімдіктен құрғақ уәде емес, нақты іс атқаруды талап етіп отыр. Енді тұрғындар үйлерімізді су алып кетпесе деп отыр. Ал опырылған жолға құм себілген. Бұқараны алаңдатып отырған жайт жалғыз бұл емес. Жер бүлінгелі жұмысшылар №10 үйдің жертөлесінен су тасып әлектенген. Қабырғадағы судың ізінен-ақ, тұрғындардың мазасыздануы тектен-тек емес екендігін түсінуге болады. Ми балшықтан аяқ алып жүргісіз. Кейбір бөлігінде әлі де әжептәуір су тұр. Тоғызыншы қабаттағы пәтерлердің төбесінен де су кете бастаған. Асфальт опырылғалы тұрғындар үйдің маңынан да үйрейленіп өтеміз дейді. Ауладағы тас төсеуіштер опырылып жатыр. Мүгедектерге арналған пандустың да жағдайы жайсыз. Қасбетін қаптаған плиткалар түсіп жатыр. Атқарушы билік "Нұр Ақтөбедегі" бұл жағдайдан хабардар. Қала әкімінің кеңесшісі Геннадий Дудаков алаңдауға негіз жоқ дейді. Олқылықтар жуық арада қалыпқа келтірілетінін айтты. Қала әкімінің кеңесшісі Геннадий Дудаковтың айтуынша, аумақтың құрылысына жауапты компаниялар олқылықтардың бәрін қалпына келтіреді. Бірақ, нақты қашан екені айтылмай отыр. Қоғамдық көлік проблемасының да жақын арада шешілмейтін сыңайы бар. Баласы бар, кәрісі бар - жолаушылардың сонау Пригородный елдімекеніне қатынайтын бір автобуста қысылып-қымтырылып жүре бергеннен басқа амалы жоқ. "Қолжетімді баспана" бағдарламасының зор мүмкіндіктері әзірше осындай. |
Количество показов: 1782
Дата создания: 28.03.2014 19:07:11