«Монополист және кәсіпкер» акциясы басталды
Жыл басында облыстық прокуратура мен "Атамекен" ұлттық экономикалық палатасы Ақтөбе филиалының басшылығы меморандумға қол қойған болатын. Бүгін қала прокурорлары кәсіпкерлермен және монополистермен бірігіп дөңгелек үстел өткізді. Теперіш көрген кәсіпкерлер баршылық. Мысалы, прокурорлардан құралған жедел топ өткен жылы 8 кәсіпкердің құқығын қорғаған. Қала прокуроры Ғани Әміровтің айтуынша, кәсіпкерлер түсірген шағымның расталып шығатын сәті көп. Өткен жылы 20 деректің 11-інің заңсыз жасалғаны анықталған. Түрлі акциялардың нәтижесін көргеннен кейін, заң органдары кәсіпкерлік палатасымен бірге өткізетін шаралар ауқымын кеңейте түспек. Бүгінгі шара өңірдің кейбір монополист кәсіпорындары мен кәсіпкерлер арасында қандай қарым-қатынас орнағанын көрсетіп берді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мирлан Бисенғалиев кәсіпкерлер жиі қозғайтын қордаланған мәселелерді санамалап берді. Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Анатолий Марченко облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі басқарма мен монополияға қарсы инспекцияның біреуін қалдыру керек деп санайтынын айтты. "Кедергісіз кәсіпкерлік" форумында қол қойылған меморандум облыс кәсіпкерлерінің құқығын қорғауға, әкімшілік кедергілерді, заң бұзушылық әрекеттерді болдырмауға негізделген. |
Количество показов: 2427
Дата создания: 26.02.2014 18:40:30