"Мен және әлем" жобасы қорытындыланды
"Мен және әлем". Бүгін жергілікті мейрамханалардың бірінде осындай атаумен өткен арнайы жоба қорытындыланды. Жоба арқылы тірек-мүшелері зақымдалған 71 мүгедек бала емдеу курстарынан өтті. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған жобаға республикалық бюджеттен 14 млн теңге бөлінген. «Мен және әлем» жобасы арқылы ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі балалардың проблемасына осылай қоғамның назарын аудартты. Бес ай бойы науқас балалар медициналық қызметкерлер тағайындаған емдеу-шынықтыру жаттығуларын жасап, психологтармен әңгімелескен. Түрлі мәдени іс-шараларға атсалысып, үй жағдайында әлеуметтік қызметкерлерден сабақ үйренді. Бүгінгі шара барысында «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова жоба келесі жылы да жалғасатынын жеткізді. Бұл-ата-аналардың тілегі. Келесі жылғы бес айлық акцияға республикалық бюджеттен 27 млн теңге бөлінеді. Қазір өңірде 18 мыңнан астам мүгедек бар. Соның 1200-ден астамы қаладағы сал ауруларына шалдыққандарды қорғау қоғамында тіркеуде тұр. Бәрі де бірінші топтағы мүгедектер. Олардың ішінде балалар да бар. |
Количество показов: 2705
Дата создания: 11.12.2013 19:41:50