Мемлекетке борыштыларды «Автоураган» көлігі ұстап береді
Ақтөбе полициясына көліктердің нөмірін қозғалыс кезінде қас-қағым сәтте анықтап беретін жаңа жылжымалы кешен сатып алынды. «Тайота Хайэс» маркалы «Автоураган-П» деп аталатын көлік Ресейден 16 миллион теңгеге әкелінген. Бұл - түрлі айыппұлдарды өндіруде таптырмас құрал. «Автоураган» апталап, күндізгі уақытта қаланың кез келген көшесінде тұрады. Оның төбесіне орнатылған екі бейнекамера бір мезетте 16 көліктің мемлекеттік нөмірін анықтауға қауқарлы. Көлік ішінде екі инспектор, оператор және сот орындаушы отырады. Кешен камераларының назарына іліккен көліктің мемлекеттік нөмірі ноутбуктағы мәліметтер базасына енгізіледі де, иесінің айыппұлы, төлемей жүрген салығы, басқа да қарыздарының бар-жоғы қас-қағым сәтте анықталады. Кешен пайдаланылған екі аптаның ішінде жолдағы 2 мыңнан астам көлік тексеріліп, жалған мемлекеттік нөмір қолданылған 5 көлік айып тұрағына әкетілді. Біраздан бері айыппұл төлемей қашып жүрген бір тұрғын осы кешеннің көмегімен анықталып, оның көлігі де тұраққа әкетілді. Осыдан бірнеше күн бұрын жол-көлік оқиғасы орнынан ізін суытқан ақтөбеліктің темір тұлпары «Автоураганның» көмегімен табылып, көлік тергеу бөліміне жеткізілді. Полиция қызметкерлері бұл кешеннің арқасында әлі талай заңбұзушылықтың беті ашылатынына сенімді. |
Количество показов: 1849
Дата создания: 13.01.2014 19:24:21