Мектептерде көктемгі демалыс қысқарады
Оқушылар көктемгі каникул кезінде де сабаққа барады. Бұл туралы бүгін қалалық білім бөлімінің басшылығы мәлімдеді. Осылайша, аяз күндері өтпей қалған жаңа тақырыптарды оқушылар көктемде меңгеріп шығуы тиіс. Қажеттілік туындаса, жазғы демалыс уақыты да қысқартылуы мүмкін.
Сары аяз орта мектептердегі оқу процесіне де салқынын тигізді. Қала мектептерінде аязға байланысты 3 күн сабақ болмаған. Оқушылар өтіп үлгермеген жаңа тақырыптарды енді көктемгі каникул кезінде меңгеріп шығулары тиіс. Ақпанда да аяз болып, сабақ жүргізу мүмкін болмаса, балаларға үш айлық жазғы каникулдан да қағылуға тура келеді. Бүгін қала мектептерінде сабақ қайта жанданды. №42 орта мектептің оқушылары бүгін сабаққа түгел келген. Мектеп директоры Мәриям Индиеваның айтуынша, тек өткен сенбіде ғана оқушыларға сабақтан қалуға рұқсат еткен. Себебі, сол күні сынап бағаны таңертеңгілік 30 градустан төмен температураны көрсетті. Мектепте 742 бала білім алып жатыр. Сабақ екі ауысымда жүреді. Мәриям Индиеваның айтуынша, сабақ басталмас бұрын, әрбір сыныптың ішіндегі температура көрсеткіші тексеріледі. Бекітілген талап бойынша, 21-22 С жылы болуы тиіс. Оқушылардың көктемгі демалысы 20-шы наурыздан 1 сәуірге дейін. Алайда, ауа райына байланысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, қала мектептерінің оқушылары наурыздың 28-і, 29-ы және 31-і күндері сабаққа баратын болады.
|
Количество показов: 2761
Дата создания: 04.02.2014 18:35:03