Мәжіліс депутаттары Мәртөк ауданына барды
Әлемдегі үшінші және Қазақстандағы жалғыз шойын жол шығаратын зауыт Ақтөбеде салынуда. Өндіріс орны келер жылдың екінші жарты жылдығында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ біз "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің өзімізге тиесілі бөлігін ең бірінші болып салып бітірген өңірміз. Жұмыс сапарымен облысымызда жүрген депутаттар бүгін Мәртөк ауданына ат басын бұрды. Нысандарды аралап көрді, тұрғындармен жолықты. Рельсті-арқалық зауытының құрылысы сәуір айында басталды. Бүгінде іргесі бекіген. Серіктестік басшысы Андрей Кузьминнің сендіруінше құрылысқа пайдаланылатын материалдардың 99 пайызы отандық өнімдер. Жұмысшылар да Қазақстанның батыс өңірлерінен. Әлемдегі үшінші және Қазақстандағы жалғыз шойын жол шығаратын құны 55 миллиард теңге болатын зауыт жобасына депутаттар асқан қызығушылық танытты. Депутаттар Гүлжан Қарағұсова мен Татьяна Яковлева іссапарларын солтүстік айналма жолмен жалғастырды. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің біздің өңір үстімен өтетін бұл бөлігі қазір қолданыста. Құрылысты Қазақстанда бірінші болып Ақтөбе облысы аяқтағанын айтып өтейік. Солтүстік айналма жолдың ұзындығы 40 шақырым. Ені 9 метр. 13 тонна салмақты көтере алады. Учаскеде 36 су өткізгіш құбыр бар. 4 жаңа көпір салынды. Екі сатылы 3 жолайырық бар. Құрылыс барысында жол жиегінен анықталған бұлақ көзін мердігер мекеме сақтап қалыпты. Бұлақ қоршалып, айналасы абаттандырылған. Мәртөк ауданындағы балабақша секілді әлеуметтік, сондай-ақ бизнес нысандарды аралап көрген халық қалаулылары тұрғындарды қабылдаудан да бас тартқан жоқ. Депутаттар азаматтарды "Нұр Отан" партиясының филиалы ғимаратында қабылдады. Сондай-ақ шағын дүкендерден бастап барлық сауда нысандарында банк карталары арқылы төлем қабылдайтын терминалдар орнатылуы қажет. Болмаған жағдайда айыппұл салынады деген заңға ауыл кәсіпкерлері қарсы. Екатерина Лещенко ауылдағы шағын дүкенге төлем қабылдайтын терминал қою тиімсіз дейді. Бір жағынан сауда-саттық бәсең. Айналымдағы ақша да аз. Мәртөктіктерді бұдан бөтен мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысының төмендігі алаңдатады. Ақсақалдар болса соғыс уақытында дүниеге келген азаматтарға "Еңбек ардагері" деген мәртебе беріліп, арнайы жәрдемақы тағайындалса деген ниетте. Халықтың ұсынысын мұқият тыңдаған мәжіліс депутаттары бұл мәселелерді парламентте көтеруге уәде берді. |
Количество показов: 2099
Дата создания: 29.11.2013 18:59:23