Мәжіліс депутаттары кәсіпорын ұжымдарымен кездесті
Табиғи байлықтарымыздың қорына сеніп, құр қол отыруға болмайды. Қазақстанды геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығару керек. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену тұжырымдамасы да осыған негізделген. Бүгін "Интергаз Орталық Азия" акционерлік қоғамы Ақтөбе магистральды газ құбырлары басқармасының ұжымымен кездескен Мәжіліс депутаттары осылай деді. Бәсекеге қабілетті ел ғана азулы мемлекеттердің қатарына ене алады. Ол үшін қуатты индустриялық өңдеуші сектор құруға мән беру қажет. Президент Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында сирек металдардың ғылыми салалар, атап айтқанда, электроника, лазерлік техника, коммуникация және медициналық жабдықтар үшін маңызды екенін ескеріп, игеру ауқымын ұлғайту керек деген еді. Ал дәстүрлі мұнай-газ секторына қатысты - оның экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек екенін айтты. Бүгін "Интергаз Орталық Азия" АҚ Ақтөбе басқармасының ұжымымен кездескен Мәжіліс депутаттары Ізбақ Өмірзақов пен Асхат Бекеновтер Жолдау туралы көптің пікірін білді. Кәсіпорында 700-дің үстінде адам қызмет етеді. Басқарма директоры Аманжол Тәжіғалиевтің айтуынша, өткен жылды табысты аяқтаған. Бірде бір өндірістік апат тіркелмеген. Акционерлік қоғам қазір Бейнеу-Бозой магистральдық газ құбыры жобасы аясында үлкен жұмыстар тындырып жатыр. Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры іске қосылысымен, көгілдір отынның игілігін көретіндер көбейетіні анық. Магистральды газ құбыры екі кезеңмен іске асырылады. Екінші кезеңі 2014-2015 жылдарға бекітілген. Құбыр Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. |
Количество показов: 1704
Дата создания: 07.02.2014 19:13:06