Мұз үстіне шығу аса қауіпті
Күн суытып, ауа температурасы 0 градустан төмендеген сайын қаланың өзен-көлдерінің бетін жұқалтаң мұз басқан. Дегенмен құтқарушылар мұз бетіне шығу, әсіресе бала-шағаға сырғынау аса қауіпті екенін айтып, дабыл қағып отыр. Көрші облыста қыстың алғашқы айында қайғылы жағдай орнап үлгерді. Жайық өзенінен өтпек болған ер адам мен 10 жастағы бала мұз астына түсіп кеткен. Зейнеткерді құтқару мүмкін болмады. Бала аман қалған. Оны өзен жанында жүрген адамдар құтқарып қалған. Еске сала кетелік, бұдан бұрын дәл осы Атырау қаласында 8 жастағы бала Жайық өзеніне батып бара жатқан жасөспірімдерді құтқаруға көмектескенін хабарланды. Екі жасөспірім «Балықшы-Жұмыскер» бағытындағы көпірдің тұсында Жайық өзеніне мұз үстіне шыққан. Сол кезде жұқа мұз ойылып, екеуі де суға түсіп кеткен. Оның бірін 8 жасар бала қолынан тартып, судан шығуына көмектескен. Судан шыққан жасөспірім екіншісін құтқарып қалған.
Қазір өзендер мен көлдердің бетінде мұз қатқанымен, ол жерде ойнау аса қауіпті. Себебі ойламаған жерден мұз ойылып, су астына кетіп қалу қаупі жоғары. Құтқарушылардың ақпараты бойынша, бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 7 см құрайды, оның үстімен жаяу жүріп өту үшін кемінде 15 см болуы қажет. Мұз үстімен көлікпен жүру үшін тоң қалыңдығы 30 см-ден жұқа болмағаны жөн. Ал қазіргі уақытта көлдер мен су айдындарындағы мұздың қалыңдығы шамамен 17-20 см-ге дейін. Көлік, адам салмағын көтеретін қатты және қауіпсіз мұз ұзақ аяздан кейін ғана болады. Ата-аналар су қоймаларына жақын жердегі қауіпсіздік пен жүріс-тұрыс ережелерін ұмытпауы және балаларды қараусыз қалдырмауы тиіс. Адам өміріне қауіп туындаған уақытта бірден 112 нөмірі бойынша шұғыл қызметке қоңырау шалу керек.
Количество показов: 576
Дата создания: 05.12.2022 19:14:02