Мәслихат депутаттарын сайлау өтті
«Ақ жол» партиясы Ақтөбе филиалының төрағасы Асқар Садықов облыстық мәслихатқа, ал қалалық оқушылар сарайының директоры Сәуле Құрманбаева қалалық мәслихатқа депутат болып сайланды. Сайлауда көп дауыс жинаған тағы төрт үміткер аудандық мәслихаттардағы бос орындарға отырады. №12-сайлау округі бойынша сайлау учаскелерінің бірі Қарғалы ауылындағы "Геолог" мәдениет үйінде орналасқан. Мұнда ауыл тұрғындары облыстық мәслихаттың депутаты Асхат Шахаровтың орнына басқа депутатты таңдады. Асхат Шахаров бұл мандатты 2012 жылдың 15-қаңтарында иеленіп, былтыр тамыз айында Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына әкімдікке тағайындалған соң, орнын босатқан болатын. Осы орынға екі үміткер таласты: "Ақ жол" партиясынан ұсынылған кандидат - Асқар Садықов және өзін-өзі ұсынған - Аманғос Көздібаев. Жексенбінің таңында №51 гимназияда жарақталған сайлау учаскесі де дауыс берушілерге есігін айқара ашты. №20 сайлау округына қарасты тұрғындар қалалық мәслихаттың экс- депутаты Серғазы Есенбаевтың орнын басатын депутатты сайлады. Халық қалаулысы басқа қалаға көшуіне орай, депутаттық куәлігін тапсырған. Бұл орыннан «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған қалалық оқушылар сарайының директоры Сәуле Құрманбаева және өзін өзі ұсынған кандидат Нұрлан Алданов үміттенді. Сайлау учаскелері кешкі сағат сегізде жабылды. Комиссия түні бойы дауыс беру парақтарын санап, сайлаудың қорытындысын бүгін түстен кейін жариялады. |
Количество показов: 2284
Дата создания: 31.03.2014 18:20:56