Мұнайшылар Тәуелсіздік күнін атап өтті
Бүгін "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамында Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері қатысты. Жиында тәуелсіз Қазақстанның жетістігі туралы баяндалды. Ресми жиынның соңы мұнайшылардың мерекелік концертіне ұласты. Еліміздің маңызды мемлекеттік мерекесі- Тәуелсіздік күнін биыл "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ ұжымы жаңа әкімшілік ғимаратында атап өтті. Компанияның басқару аппараты отыратын кешеннің салтанат залында мерекелік көңіл-күй орнады. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ бас директорының бірінші орынбасары Тахталифум Есенғұлов жиналғандарды ел тарихындағы маңызды мерекемен құттықтады. Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігі туралы баяндама жасады. Көпшіліктің назарына компанияның Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі туралы деректі фильм ұсынылды. Кәсіпорын үшін биылғы жыл жемісті болды. Межеленген 6 млн 180 мың тонна мұнайды өндіру жоспарын орындауға таяп қалды. Қазір Жаңажол кен орнында ІІІ Жаңажол газ өңдеу зауыты құрылысының екінші кезеңі қарқынды жүріп жатыр. Жоба- Қазақстанның индустриаландыру картасына енген. Жаңа нысан еліміздің оңтүстік өңірлерін көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Ресми шара концерттік бағдарламаға ұласты. Мұнайшылар өздерінің өнерін паш етті. Домбырадан күмбірлеген күй де төгілді, би де биленді, Отан, туған ел туралы ән де айтылды. Концертке компания қызметкерлері атсалысты. Акционерлік қоғамда бүгінде алты мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Мұнай компаниясы өңірдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға да үлес қосып отыр. Компания қазір қуаттылығы 160 мегабаттық газтурбиналық станцияның құрылысын жүргізіп жатыр. |
Количество показов: 2811
Дата создания: 16.12.2013 16:02:33