Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы қажет
Бүгінде елімізде 563 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олар жалпы халық санының 3 пайызын құрайды. Бұлардың 58 мыңы балалар. Ал бұларға жеткілікті қолдау көрсетіліп жатыр ма? Үкіметтен басқа қол ұшын созатындар бар ма? Осы мәселелерге орай бүгін "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында дөңгелек үстел өтті. Жиында мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі талқыға салынды. "Жайна" үкіметтік емес ұйымының негізі 2012 жылы қыркүйекте қаланған. Қазіргі уақытта қарамағында 90 бала бар. Ұйымдағы логопед, сылаушы, дефектолог, педагог, психолог және әлеуметтік қызмет мамандары мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып қызмет көрсетеді. Нәтижесінде 3 бала толықтай сөйлеу қабілетіне ие болды. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалардың саны күн санап артуда. Бұл әлеуметтік қолдау көлемін де арттыруды қажет етеді. Атап айтсақ арнайы балабақша, мектеп-интернаттар, оңалту орталықтары, логопедиялық кабинеттер тағысын-тағы. "Жайна" ұйымының қызметін пайдаланатын ата-аналардың да базынасы осы. Елбасымыз "Қазақстан-2050" стратегиясындағы әлеуметтік саясат бағытында басты назарды мүмкіндігі шектеулі балаларға аударған болатын. Алдағы уақытта да мемлекеттік жәрдемнен бөлек үкіметтік емес ұйымдардың педагогикалық, психологиялық, медициналық және кәсіби бағдар беру жұмыстары көбейе бермек. |
Количество показов: 2691
Дата создания: 09.12.2013 19:05:23