Мүлік және көлік салығы өсті
1 қаңтардан бастап елімізде мүлік және көлік салығы өсті. Жаңартылған заңға сәйкес, белгілі бір мерзім ішінде игерілмеген жердің салығы еселенеді. Бұдан басқа, кезек-кезеңмен 2016 жылға дейін темекі және алкоголь өнімдері қымбаттайды. Жаңа жылда жаңа көлік сатып алғандар салықты да жаңа құнмен төлейді. Мәселен, қозғалтқыш көлемі 4 литр болатын «Тойота Лэнд Крузер» көлігінің иесі бұған дейін темір тұлпарына 117 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салық төлеген болса, енді биылдан бастап ондай көліктің салығы 200 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді. Бұл төрт жүз мың теңгеге жуық. Ескеру керек, жаңа жарналар тек 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатып алынған көліктерге қатысты. Қозғалтқышы 3 мың текше сантиметрді құрайтын көлік иелерінің де қалтасы біраз жұқаратын болды. Бұрын олар 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салық төлейтін. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар үшін қозғалтқышы 4 литрден жоғары көліктерге қарастырылған жеңілдіктер жойылды. Салық заңнамасындағы тағы бір үлкен өзгеріс - құны 150 миллион теңге және одан жоғары үйлердің салығы екі есе өсті. Ал, пайданылмай жатқан жер телімдері үшін қазақстандықтар енді 10 есе көп салық төлейтін болды. Осы жылдан бастап темекі өнімдерінің акциздік жарнасы жылына 30 пайызға көтеріледі. Осылайша, екі жылдың ішінде 1 мың дана темекі үшін жарна 5 мың теңгеге дейін өседі. Алкоголь өнімдерінің де акциздік жарнасы артады. 2016 жылға дейін сусыз спирттің литрінің жарнасы 1 мың 600 теңгеге дейін жоғарылауы тиіс. Осылайша құнын өсіру арқылы қазақстандықтарды арақ пен темекі сияқты зияны болмаса пайдасы жоқ тауардан алшақтату қадамы жасалды. Елімізде сондай-ақ, POS-терминалды қондыру мерзімі шегерілді. |
Количество показов: 2648
Дата создания: 08.01.2014 22:32:53