Мүгедектер жұмыспен қамтылады
Биыл облыста 1830 мүгедекке екі қолға бір күрек тауып беру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста айтылды. Қазір облыста 19 мыңнан астам мүгедек бар. Оның 14 мыңы- жұмыс істеуге қабілетті. Мүгедектер үшін ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесіне 40 мекеме мен кәсіпорын шақырылған. Олар 500-ден астам жұмыс орнын ұсынды. Солардың бірі- "Алтынгүл" тігін шеберханасының өкілі Гүлжан Қалиева. Ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысатын кәсіпкер 7 адамды жұмысқа алмақшы. Жоба аясында мүгедектер өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын көптің назарына ұсынды. Әсіресе, арбаға таңылған арулардың қолынан шыққан тоқыма, әшекей бұйымдары , моншақтардан тоқылған заттар көптің қызығушылығын тудырды. "Кедергісіз келешек" мүгедектердің бірнеше мәселесін шешуге бағытталған. Бүгін "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалында өткен кеңейтілген жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл, аудан әкімдеріне мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуына ықпал етуге тапсырма берді. Мүгедектер шеттетілмейді. Құқығы қорғалады. Заң тұрғысынан оларға жеңілдіктер жасау, кәсіпкерлерді қолдау мәселесі шешілетін болады. Тағы бір маңызды жайт - мүгедектерге ғимараттарға қиналмай кіріп-шығуға қолайлы жағдай жасалмақ. |
Количество показов: 2014
Дата создания: 14.03.2014 17:40:42