Әлеуметтік бейімдеу орталығы үйсіздерге толды
Алғашқы суық түскелі тұрағы жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы адамға толды. 65 орындық мекеме қазір 97 кісіге пана болып тұр. Көше кезгендерді қалайда сыйдыру үшін орталық басшылығы кереуеттің үстіне кереует жалғап, амалдауда. Ішер ас жеткілікті, бірақ, жылы киім жоқ. Құсайын Сүндетов әлеуметтік бейімдеу орталығына былтыр желтоқсанда келген. Ішкілікке құмар кезінде көшеде соққыға жығылып, бірер күн ауруханада жатты. Барар жері жоқ науқасты дәрігерлер кейін осында бағыттаған. 53 жастағы азамат бір жылдай мекен еткен орталықты қазір туған үйіндей көреді. Тағдырдың салғанымен далада қалған Құсайын аға жалғыз емес. Оның үш баласы бар. Бірақ, өзінің айтуынша, ешбірі әкесін іздеп келмеген. Бауыр еті балаларының кеудесінен итергеніне әке өкпелі. Белгілі тұрағы жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығында қазір 97 кісі тұрады. Көбі - ащы судың кесірінен тұрақты жұмысынан, берекелі отбасы мен жайлы өмірінен айырылған ер адамдар. Мәселен, үш ай бұрын мұнда басына пана сұрап жасы қырықтар шамасындағы азамат келген. Орталық директоры Сабырғали Дәулетовтың айтуынша, қыс түсе әлеуметтік бейімдеу орталығындағы үйсіздер саны екі есеге көбейеді. Қазірдің өзінде жүзге жуықтаған тұрғынды әрең сыйдырып отырған мекеме басшысы енді пана сұрап келетіндерді қайда кіргізерін білмей дал. 65 адамға есептелген мекемеде басқа орын жоқ. Жағдайды қалай да реттеу үшін мекемедегілер жертөледен көше кезгендер ең болмағанда түнеп шығатын орын дайындауды ойластырып отыр. |
Количество показов: 2638
Дата создания: 05.12.2013 19:07:59