Үлескерлер ақысы төленген пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр
Ақтөбеде 200- ден астам тұрғын жаңа үйдің кілтін алғанымен, пәтерлеріне әлі кіре алмай жүр. Себебі мердігер құрылысты аяқтамаған. Үй жылумен қатар, ыстық суға да қосылмаған. Тұрғындардың бірі пәтер жалдап тұрып жатса, енді бірі туыстарын жағалауға мәжбүр.Бұл Батыс-2 ауданында орналасқан "Миллениум" тұрғын үй кешені. Үй үш корпустан тұрады. Құрылысы 2021 жылы басталған. Мердігер "Маяк LTD" компаниясы. Инстаграм желісіне салынып жатқан пәтерлерге жәрмеңке жариялаған. Бүгінде осы үйден баспаналы боламыз деген 300- ге жуық отбасы үлескер ретінде құрылысқа ақша салып, екі жылдан бері өз пәтерлерін тағатсыздана күтумен келеді. Алайда екі жыл өтсе де, үйдің тек қаңқасы ғана тұр. Пәтер құнын толық төлеп қойғандардың бірі Жанна Санбаева. Ескі баспанасын сатқан ол, қазір бала-шағасымен пәтер жалдап отыр. Арзан пәтерге ие боламын деген үлескерлердің қатарында Рустам Дарханұлы да бар. Ол қарызға белден батып, 11 млн теңгесін салыпты. Жаңа үй иелеріне келісімшарт бойынша 2022 жылдың күзі тапсырылуы тиіс. Бірақ, мердігер компанияның сылбыр жұмысының салдарынан құрылыс әлі аяқталмаған. Ішінде су , жылу, электр тоғы жоқ. Есік, терезесі де орнатылмаған. Жобада аула асфальталып, абаттандырылып, балалар алаңы орнатылады деп көрсетілген. Алайда, тұрғындар ең болмағанда коммуникация желілерін өткізіп, есік, терезе орнатса екен, дейді.Пәтер иелерінің бармаған жері қалмапты. Облыс әкіміне де хат жазған. Күні бүгінге дейін мардымсыз жауап ала алмаған. Құрылыс жүргізген тарап тек бүгін ғана халықпен сөйлесіп, үйді маусым айында тапсырамыз деп уәде берді. Ал тұрғындар болса мердігер тараптың бұл уәдесіне сенбей тарқасты.Количество показов: 632
Дата создания: 12.05.2023 07:42:52