Колледж оқушылары сабаққа баруды қойған
Колледж оқушыларының тәртібі нашар. Үлгерімдері нашар, сабаққа қатыспайды. Топтасса төбеліс шығарады. Қылмыстық жауапқа тартылып жатқандары да аз емес. Соңғы тоғыз ай ішінде облыста 10 жасөспірім өмірімен өз еркімен қоштасқан. Суицид жасағандардың үшеуі колледж оқушылары. 18 жасөспірім өз-өзіне қол салуға оқталған. Ал жыл басталғалы колледждердің 96 студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі бір жарым есеге артқан. Бұл деректер бүгін ғылыми-тәжірибелік орталықта өткен жиында белгілі болды. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін облыстық білім басқармасы, ювеналды полиция және колледж басшылары бірігіп талқылады. Суицид пен жасөспірімдер қылмысына тоқтам қою үшін қалалық әкімдік және облыстық білім басқармасы бірігіп жұмыс істеуде. Мәселен ауылдан қалаға оқуға келген жастарды ортаға бейімдеу, пәтер жалдаушы студенттерді бақылауда ұстау, колледж оқушыларының сабақтан қалуына жол бермеу секілді мәселелер үнемі назарда. Облыста барлығы 40 колледж бар. 12-сі аудандарда. Қалғаны қалада. Бұрынғы лицейлер колледж болып ауыстырылды. Сол колледж мәртебесін алған лицейлерде жасөспірімдер тәртібіне қатысты мәселе өткір. Өйткені мұндай оқу орындарына жоқ-жітік отбасы балалары, толық емес отбасынан шыққан жасөспірімдер, сабақ оқуға, сабаққа қатысуға құлықсыз, жауапкершілігі төмен оқушылар іріктеліп қалған. Жалпы биылғы колледж оқушыларының сабаққа қатысу деңгейі 67 пайызды құрап отыр. Облыстық білім басқармасының есебінше бұл төмен көрсеткіш. Сондықтан алдымен колледж басшысынан оқытушысына дейін әр баланы жеке тануы қажет. Бүгін жауапты тұлғалар көзге түскен оқушының ата-анасымен байланыс орнатуға міндеттелді. Студенттің сабақтан қалуына жол берілмеуі керек. Жастардың көшеде сандалып жүрмеуі үшін олардың түрлі секцияларға, үйірмелерге қатысуын қамтамасыз ету тапсырылды. |
Количество показов: 2194
Дата создания: 24.10.2013 18:52:25