«Хромтау» жел электр стансасының құрылысы басталды
Жел электр стансасын салу кезінде тың инжиниринг әрі жоғары технология қолданылады. "IEC S" санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделеді. Олар желдің секундына 3 метрден 25 метрге дейінгі жылдамдығында қуат алады. Нәтижесінде еліміздің батыс аймағындағы күрт құбылмалы ауа райы жағдайында қажетті көлемде қуат өндіруге мүмкіндік бар. Электр қуаты «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіліп тұрады. ERG алғашқы жел электр стансасы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция салды. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Станса іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыс істейді.Ал қазіргі кезде Дөң тау-кен байыту комбинаты қуаттылығы 45 МВт-қа жуық электр энергиясын тұтынып отыр. Келешекте өндіріс қуаты ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асатынын ескерсек, сұраныс 80 МВт-қа дейін артуы мүмкін. Әрі экологиялық жағынан өте тиімді. Жел электр стансасы көмірден қуат алуды азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, көмірқышқыл газының атмосфераға тарауы жылына 520 мың тоннаға дейін азаяды. ERG экологиялық стратегияны негізге алып, қалдықты 2 млн тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай шығарындылар көлемі – 56%, төкпелер көлемі – 30%, су тұтыну мөлшері – 33% төмендетіледі. Айта кетейік, Дөң тау-кен байыту комбинатында «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасының екінші кезеңі салынып жатыр. Шахтаның жаңа кезеңі хром кенінің өндіріс көлемін жылына 7 жарым миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі – 877 млрд теңге. ERG директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич кен қоры әлі мол екенін, алдағы 100 жылға жететінін тілге тиек етті. Кейін кеншілермен кездесіп, оларды арнайы құттықтады. Үздіктерін марапаттап, ақшалай сыйақы берді. Адам мен оның өмірі маңызды екенін, алда талай жобаны бірге жүзеге асыратынын айтты.
Количество показов: 696
Дата создания: 22.08.2022 18:56:31