Халыққа көрсетілетін қызмет түрі артты
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі енді халыққа қызмет көрсету орталықтарында жасалады. Мүгедек бала үшін жәрдемақы алу құжаттарын да осында келіп рәсімдеуге мүмкіндік бар. Ақтөбедегі халыққа қызмет көрсету орталығында жаңа 25 түрлі қызмет көрсетіле бастады. Мәселен, университетті бітіргендігіңіз туралы дипломды жоғалтып алдыңыз делік. Құжатты қайта жасату үшін білім алған оқу орнынан бастап, талай мекеменің табалдырығын тоздырасыз. Ал, енді дипломның телнұсқасы-дубликатын халыққа қызмет көрсету орталығында жасатуға болады. Құжат 10 күнде дайындалады. Тағы бір мысал, мейрамхана саламын деп жер телімін алып, кейін орнына үй тұрғызатын болсаңыз, атқарушы органдардың рұқсаты қажет. Жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту жайындағы шешім бұдан былай осы орталықта беріледі. Қауіпті жүкті тасымалдауға арналған рұқсат құжаты, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат алу, 2,3 және 4-санаттағы нысандар үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады. Айта кеткен жөн, бұл қызметтер өз басқармаларында да қатар атқарыла береді. Осылайша, қазір халыққа қызмет көрсету орталығында ұсынылатын қызмет түрі 171-ге жетті. Қызметтердің көбейгеніне қарамастан орталыққа қосымша маман алынбайды. Құжаттарды рәсімдеумен 40 қызметкер айналысады. |
Количество показов: 1920
Дата создания: 28.01.2014 19:09:44