Келесі оқу жылында физмат мектебі жабылуы мүмкін
Облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты жабылатыны туралы хабарды естіген оқушылардың ата-аналарынан маза кетті. Олар облыстық білім басқармасының оқушыларды облыстық дарынды балалар мектеп-интернатына ауыстырамыз деген шешіміне де түбегейлі қарсы. Талаптары - балаларымыз оқу ордасын тәмамдаған соң жапсын дегенге саяды. Облыстағы мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатында қазір 133 бала оқып жатыр. Оның 45-і - 11-сынып оқушылары. Биыл ҰБТ тапсырғалы отырған түлектер. Ал мектеп жабылады дегенді естіп, дегбірі қашып, баласының болашағы үшін алаңдап жүргендер, негізінен 10 сынып оқушыларының ата-аналары. Бүгін мектепке жиналып, наразылықтарын білдірген де-солар. Айтуларынша, балаларында қазір-апатия. М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатына барып, ілімдерін жалғастыруға құлықсыз балалар. Өйткені, алда- ҰБТ. Маңызды сәтте сүрініп кетсек, не болады деген үрей бар. Мұның бәрі-ата-аналарының аузынан шыққан сөз. Физика-математика мектеп-интернатын жабу туралы мәселе бүгін алғаш рет қозғалып отырған жоқ. Бұл екі жыл бұрын талқыланып, сатылап жүзеге асырыла бастады, дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Жәния Исатаева. Былтырғы оқу жылынан бастап білім беру мекемесіне қабылдау тоқтатылған. Білім басқармасы биылғы 11-сынып оқушыларын аяқтатып, қалған сыныптың оқушыларын М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатына ауыстырамыз деп шешкен. Мектеп орналасқан балабақшаға тиесілі ғимарат мемлекетке қайтарылады. Оқушылар биылғы оқу жылын осы мектепте аяқтайды. Бірақ, 10-сынып оқушыларының ата-аналары тығырықтан шығудың басқа жолын ұсынады. Мектеп жұмысын тағы бір бір жылға ұзартса дейді. Физика-математика мектеп-интернаты дәл бүгін жабылмайды. Қазір білім беру ошағын жабу туралы құжат жоқ. Әзірге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түбегейлі шешім қабылданса, келесі оқу жылының бірінші қыркүйегінде дарындылар мектебіне 80 бала ауысады. Жатақханада да орын қарастырылған. Балаларға барлық жағдай жасалатын болады. Физика-математика мектеп-интернаты 1996 жылы ашылған болатын. Биыл мектептің 61 оқушысы физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданған. |
Количество показов: 3440
Дата создания: 01.03.2013 19:00:04