Келер жылы құпия жайттардың беті ашылады
Келер жылы құпия болып келген біраз жайттың беті ашылады. Бұл ең алдымен, саясатқа қатысты. Бірінші жарты жылдықта әлемді түрлі экономикалық қиындықтар, табиғи апаттар күтіп тұр. Бұл - белгілі жұлдызшы Назарбек Қожамсейіттің 2014 жылға арналған болжамы. Жорамалшымен байланысқан тілшіміз жылқы жылына қатысты өзге де қызықты жайттарды білді. Жорамалшы Назарбек Қожамсейіт жылдың алғашқы аптасы құдалық, ойын-той, келіссөздерге қолайсыз екендігін айтады. Әсіресе, 7, 9 қаңтар күндері іскер азаматтар келісім-шарт жасасудан бас тарта тұрғаны абзал. Табиғатынан сезімтал жануар - жылқы жылында қоғамдағы көптеген жұмбақтың шешімі табылады, бүкіл сыр ақтарылады. Жұлдызшы биыл әлем экономикалық құлдырауға ұшырайтынын, қаржы дағдарысының күш алатынын және алапат дауылдардың көп болатынын болжайды. Алдын-ала қамданып, азық-түлік қорын жасаған ел ғана аштықтан аман шығады екен. Жұлдызшы Назарбек Қожамсейіттің пайымынша, табалдырықтан аттағалы тұрған жылқы жылының қысы Қазақстан үшін қатты болады. Көктемде боран соғатын күндер көп. Аяз, ақ түтек боран қаңтардың 9-12-і, 18-22-і күндері күтіледі. Бұл кездерде жолға шығу аса қауіпті. Ұзаққа созылатын суық наурыздың 8-12-ші, 19-22-ші тәуліктеріне болжануда. Назарбек Қожамсейіт ақпанның аяғы мен наурыздың басында, мамырда жол-көлік апаттарының көп болатынын ескертеді. Сәуірде ауру-сырқаулар қозады. Мамырдың соңына болжанып отырған қар диқандарға кесірін тигізуі мүмкін. Оның үстіне, маусымның бастапқы күндері салқын болады. Соған қарамастан, ел егінсіз қалмайды. Табиғат құбылыстарын болжаушы Назарбек Қожамсейіттің жаңа 2014 жылға жорамалы осындай. Жылқы жылын жұтсыз жыл деп білетін ақтөбеліктердің одан күтері көп. «Жылқы - үйірімен жүретін жануар. Үйірінен шашау шығармай, ит-құсқа жегізбей, қысы-жазы қориды. Сондықтан, жылқы жылында жануар мінезіне тән ауызбіршілікте күн кешу қажет. Жаңа жылды отбасы - ошақ қасында қарсы алу керек», деп кеңес береді жұлдызшы. |
Количество показов: 2565
Дата создания: 31.12.2013 13:27:50