Келер жылы қаладағы жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтеді
Өткен қараша айында ғана жаңа газ- турбиналық қондырғыны іске қосқан Ақтөбе жылу электр орталығы келер жылы қазандық, үлкен қондырғыларын қайтадан жөндеуді қолға алмақшы. Алдағы бес жылға жоспарланған жоба өңірдің энергетикалық әлеуетін күшейтуге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бөлінген қаражат та қомақты. 14 млрд 700 млн теңгеден асады. 2023 жылы шамамен 4 млрд теңгеге жуық қаржының бір бөлігі алдымен №5 жылу қазандығын жаңартуға жұмсалмақ. Биылғы жылыту маусымына жауапты мекемелер сақадай сай дайындалған. Көмір тапшылығы да сезілмейді. Қоймаларда 33 мың 455 тонна көмір мен 1787 тонна дизель отыны сақтаулы тұр. Қосымша өңірге 19 вагон қатты отын тасымалданады. Көмір тоннасына 18 мың теңгеден сатылады. Қалада 263 шақырымнан асатын жылу желілері бар. Шамамен 25 жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр. Бұл қазандықтардан 98 мың тұрғынға жылу таратылады. Өткен жылы Әуе қалашығы ауданында орналасқан қазандық істен шығып, қыс ортасында дүйім жұрт уақытша жылусыз қалған болатын. Мұндай апатты жағдайды болдырмас үшін мердігер мекеме жаздан бастап жылыту маусымына дайындықты жүргізген. 1568 көпқабатты үйдің жылу жүйесіне бақылау жасалды.
Количество показов: 612
Дата создания: 09.12.2022 18:35:21