Көшедегі бейнекамера қарақшыларды түсіріп алған
Бейнебақылау камераларының көмегімен қала бюджеті екі айда 6,5 миллион теңгеге толықты. Осы уақыт ішінде бақылау құрылғысының назарына мыңға жуық тұрғын іліккен. Олардың 700-і жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілер болса, 23-і қоғамдық орындарда ішімдік ішкен ақтөбеліктер. Жедел басқару орталығының инспекторлары қаланың әр жерінде орнатылған бейнекамералардың көмегімен шаһар тіршілігін монитордан көріп отыр. Көшелер, қиылыстар, көп қабатты үй аулалары, базарлар, саябақтар, вокзал, дүкендер маңы - бәрі бақылауда. 76 камера аулаларды, ал 33 құрылғы жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалап тұр. Автовокзал ауданындағы қиылыста автоматтандырылған бақылау жүйесі іске қосылды. Ондағы камералар ұялы телефонмен сөйлескен, қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді қас-қағым сәтте тіркеп алады. Көшеде темекі тұқылын тастаған, шемішкі шаққан, дәрет сындырған 165 тұрғын жазасыз қалмады. Әкімшілік кодекске сай, айыппұл төледі. Бейнекамераның көмегімен полиция қызметкерлері лезде тонау, қарақшылық және ұрлық дерегін ашты. Тонау оқиғасын Нариманов көшесіндегі бейнебақылау қондырғысы түсіріп алған. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдинның айтуынша, камераның назарына ілінген барлық құқық бұзушылықтар фото-бейне жазба түрінде электронды нұсқада сақталады. Және қажет кезде қылмыстық немесе әкімшілік істерді тергеуде қолданылады. Полиция қызметкерлері бүгін ұрлық-қарлықтың алдын-алудың тағы бір тәсілі - халыққа насихат жүргізді. Темір жол вокзалы алаңындағы тұрақта тұрған көліктерге ұрлықтан сақтанудың жолдары жазылған парақшалар қалдырылды. Жыл басталғалы ішкі істер департаментінде біреудің затын ұрлаудың 543 дерегі тіркелген. Оның 102-сі қалта, 58-і пәтер ұрлығы. 128-інде қарақшылар көлік ішіндегі затты үптеп әкеткен. Телефон ұрлығына қатысты 138 қылмыс ашылды. |
Количество показов: 2128
Дата создания: 24.02.2014 19:01:54