Кәсіпкерлер заңдағы кедергілерді талқылады
Сәуірдің екісінен бастап елде шағын және орта бизнес субьектілерін тексеруге тиым салынады. Мораторийдің басты ережелерін түсіндіру үшін бүгін Ақтөбеге Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Парламент Мәжілісіндегі өкілі Аманжан Жамалов келді. Жарты ай бұрын Президент бизнесті тексеруге мораторий жариялады. Ол егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлдем келмеуі тиіс деген еді. Мемлекет басшысының бұл шешімі іскерлер қауымын бір қуантты. Кәсіпкерлер сансыз тексерістерден көз ашып, бастаған істерін әрі қарай өркендетуге мүмкіндік алды. Мораторий тексерулердің барлық түріне қатысты. Тек қару-жарақ, пиротехникалық бұйымдар саласына бақылау жасайтын мемлекеттік органдар ғана тексеру жүргізуге құқылы. Онда да тексерісті мекеменің басшысы прокурорлардың рұқсатымен тағайындайды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Парламент Мәжілісіндегі өкілі Аманжан Жамаловтың айтуынша, мемлекеттік органдарға тексерулерді анықтаудың объективті, әрі әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа жүйесін жасау тапсырылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары қазір үкіметтегілермен бірігіп, бизнеске қатысты заңнамаларды да қайта қарап жатыр. Президент жариялаған мораторий ағымдағы жылдың екінші сәуірінен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін күшінде. Ал, одан кейін заңнамаларды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер ғана тексерілетін болады. |
Количество показов: 1823
Дата создания: 13.03.2014 18:44:54