Көпқабатты үй жылымай отыр
Бөкенбай батыр көшесіндегі №22 үйдің тұрғындары қыстың көзі қырауда бүрсеңдеп отыр. Көп қабатты үйге жылу уақытында берілген, бірақ, пәтерлердің іші жылымайды. Қуаныш Жөнелбаев күнде таңертең газды қосып, бір бөлмелі пәтерін жылытып алады. Жатын бөлмеде электр қыздырғыш жұмыс істеп тұр. Соның өзінде баспанасы жылитын емес. Зейнеткер тұратын үйдің барлық пәтерінде жағдай осындай. Тұрғындардың айтуынша, неге екені белгісіз бөлмелер алма-кезек жылытылады. Батареялар ысып тұрған күннің өзінде бөлмедегі температура 17 градустан аспай тұр. Салқын пәтерде түнеп жүрген жұрттың көбінің балалары сырқаттанып қалған. Ал, баспананы жылытамын деп күні-түні электр жылытқыш қондырғыны қосып қоятындар жарық үшін үш есе көп ақы төлейді. Мәселені айтып тұрғындар "Трансэнерго" мекемесіне, тұрғын-үй инспекциясына, қалалық әкімдікке, тіпті прокуратураға шағымданған. Әзірге нәтиже жоқ. "Трансэнерго" АҚ бас инженерінің орынбасары Айтбай Дауылбаев бұл үйге жылу температуралық кестеге сай беріліп жатыр дейді. Мәселе - құбырлардағы ақауда екен. "Трансэнерго" және "Табыс Ақтөбе" мекемелерінің жұмысшылары жүйедегі ақауды бүгіннен қалдырмай жөндеуі тиіс. Ертеңге болжанған 20 градус аяз Бөкенбай батыр көшесінің тұрғындарын үрейлендіріп отыр. |
Количество показов: 1956
Дата создания: 19.12.2013 19:04:56